
Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылы өңірдегі ең ірі елді мекендердің бірі. Қазіргі таңда мұнда ресми тіркелген тұрғындар саны 12 мыңға жуық болса, нақты өмір сүріп жатқан халықтың саны 30 мыңнан асады. Осыған байланысты инфрақұрылымға түсетін жүктеме айтарлықтай жоғары болып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекеттік органдар кешенді инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда. Бүгінде ауылда электр және сумен қамту, жол жөндеу, әлеуметтік нысандар салу бағыттары бойынша сегіз жоба қатар жүргізілуде. Аршалы ауданына жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аталған жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Жолымбетовтің айтуынша, ауыл тұрғындарын көптен бері электр қуатының жиі өшуі мазалап келген. Бұл мәселе жеке меншіктегі электр желілерінің тозуымен байланысты. Қазіргі уақытта осы мәселені шешу үшін ауылда жаңа электрмен қамту желісі тартылуда. Жобаны «Энергохолдинг LTD» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі таңда 2000-нан астам бағана орнатылып, 52 шақырым сым тартылып, 1000-нан астам көше шамы қойылған. Алда тағы 150 бағана мен тарату пунктін орнату жұмыстары тұр. Сонымен қатар «Новоалександровка» қосалқы стансасы қайта жаңғыртылып жатыр. Ол 2025 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған. Бұған қоса, желілерді «АРЭК» АҚ балансына беру жұмыстары да жалғасуда. Ауылдың 8-шағынауданында су сорғы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Ал үш шағынауданда 67 шақырым су құбыры тартылған. Қазіргі таңда құдықтарды қосу, құбырларға гидросынақ жүргізу, жуып-шаю және залалсыздандыру жұмыстары қолға алынған. Су жаңа желілер арқылы қыркүйек айының соңына дейін беріле бастайды деп күтілуде. Ірі жобалардың қатарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, соның ішінде 1, 4, 6, 7, 8-шағынаудандар мен үш тұрғын алабындағы көше-жол желісі де бар. Қазірдің өзінде 36 шақырымға асфальтбетон төселді. Облыс әкімі халықты тіркеу бойынша ақпараттық жұмысты күшейтуді, барлық жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды және олардың орындалуын бақылау үшін арнайы комиссия жіберуді тапсырды.
«Ауыл толыққанды дамуы үшін барлық инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар аяқталуы тиіс. Құрылыс барысына тәулік бойы бақылау қажет», — деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1046886?lang=kk
Жауап қалдыру