
Павлодар облысындағы БАҚ өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылып, «Қазхром» ТҰК” АҚ құрамындағы Ақсу ферроқорытпа зауытының жұмысы таныстырылды.
Цифрлық технологиялар зауыттағы стратегиялық құралға айналды: бүгінгі күні олар қауіпсіздікті, тиімділікті, орнтықтылықты арттыруға мүмкіндік береді және ең бастысы, еңбек жағдайларын қолайлы әрі қауіпсіз етуге септеседі.
– Цифрландыру мәселелері Ақсу ферроқорытпа зауыты үшін болашақ емес, бүгінгі күннің күн тәртібі, – деп атап өтті зауыт директоры Мұсабек Мақашев. – Барлық негізгі өндірістік бөлімшелер автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған – шикізаттың келіп түсуінен бастап, өңдеу және дайын өнімді жіберуге дейінгі барлық кезең цифрланған. Өткен жылы цифрландыруға құйылған инвестициялар – 1 миллиард теңгеден асты. Өндірісте цифрлық технологияларды енгізе отырып, біз отандық шешімдерді қолдануды арттырып, шетелге тәуелділікті азайтуды мақсат етіп отырмыз.
Баспасөз туры барысында таныстырылған жетекші IT жобалардың қатарында Dispatch – теміржол көлігін басқару жүйесі болды.
– Зауыттың теміржол қызметінде вагондардың қозғалысы мен орналастыруын бақылауға қатысты үлкен қажеттілік бар. Тек Ақсу ферроқорытпа зауытында жергілікті парк есебінен тәулігіне 900 вагонға дейін болуы мүмкін, – дейді жоба жетекшісі Дмитрий Родыгин. – Бұрын бәрі қолмен атқарылатын: Excel, қағаздар, қоңыраулар. Дамытушылар командасы қысқа мерзімде Dispatch веб-қосымшасын жасап шығарды. Енді ол әр вагонның нақты уақыттағы орнын көрсете алады. Қабылдаушылар электронды жол парақтарын толтырып, хабарландырулар алады. 2-3 минуттың ішінде есептер жасайды. Ал бұрын бұл 40 минутты алатын. Барлығы тіркеледі, архивтеледі және бір шерту арқылы қолжетімді.
Теміржолшылар жүйеде вагондар туралы барлық мәліметтерді көріп, уақытты үнемдейді. Алдағы уақытта бұл жобаны ERG-дің барлық кәсіпорындарына тарату жоспарланған.
Цифрландырудың тағы бір ауқымды жобасы – MES ERG жүйесі. Бұл – өндірістік процестерді жедел басқару жүйесі. Бүгінгі таңда MES ERG арқылы Ақсу ферроқорытпа зауытындағы барлық 26 пеште жұмыс істейтін электронды пеш журналын жүргізу мүмкіндігі бар. Бұл агрегаттардың жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе пештердің ауысым немесе тәулік бойы қалай жұмыс істегенін толық көрсетеді.
Сонымен қатар, ферроқорытпа пештері электродтарының жұмысын бақылау үшін MES жүйесінде бірнеше функционалды экрандар әзірленген. Ал CV арқылы электрод массасын салу процесі автоматты түрде бақыланады. Осы құралдар металлургтерге өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге септеседі.
Цифрландыру Ақсу ферроқорытпа зауытындағы металл балқыту процесін да қамтыды. Өндірістегі құю машиналарын автоматтандыру жүйесі енгізілген. Бұл жүйе балқыту процесін автоматты түрде басқаруға мүмкіндік береді: шөміштің көлбеу бұрышын, конвейер жылдамдығын, сұйық ферроқорытпа ағынының қимасын, температураны өлшеп, реттейді. Бұл металлургтердің онсыз да қиын жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
Өндірістік IT шешімдерден бөлек, журналистерге әлеуметтік цифрлық жобалар да таныстырылды.
Ақсу ферроқорытпа зауытында автоматтандырылған медициналық тексерулер енгізілген. Енді металлургтердің ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі тексеруден өтуіне бірнеше минут қана уақыт кетеді. Бұл жобаны BTS командасы іске асырған. Медициналық тексерулер процесін цифрландырып, ERG ішкі жүйелерімен байланыстырды. Жабдықтар қан қысымын, тамыр соғысы, температураны, тыныс алуда шығарылатын ауадағы алкоголь деңгейін өлшейді. Нәтижелер бірден корпоративтік qollab қосымшасына және «Евразия» медицина орталығына түседі. Егер көрсеткіштер нормадан ауытқып кетсе, дәрігерлерге жедел хабарлама келеді, олар дереу шаралар қабылдай алады. Бұл жоба өндірістегі қауіп-қатерлерді азайтып, сонымен бірге ауруларды ерте кезеңде анықтауға сеп.
Ақсу ферроқорытпа зауытындаңы 3 бөлімшеге 19 аппарат орнатылған. 2026 жылға дейін барлық цехтарды қамту жоспарланды. Жаңа жоба ERG кәсіпорындары үшін қызметкерлердің денсаулығы мен әл-ауқаты бәрінін маңызды екенін айшықтап тұр.
Qollab – ERG қызметкерлерінің цифрлық жұмыс орны. Бұл 60 мыңнан астам қызметкер бір платформада жұмыс істейтін жүйе. qollab қызметкерлерге 200-ден астам қызметке, құжаттарға, чатқа, қызметкер профиліне қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады. Өтініштер беру, дәрігерге жазылу және көлік қозғалысын бақылау құралдарын қамтамасыз етеді. 2024 жылдан бастап платформа компания серіктестеріне де қолжетімді болмақ.
Барлық негізгі цифрлық шешімдер BTS IT командасы (ERG-нің IT еншілес компаниясы) және кәсіпорын мамандарымен бірлесе әзірленіп, енгізіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1047481?lang=kk
Жауап қалдыру