«Таза Қазақстан: Таза аула!» экологиялық акциясы – ортақ жауапкершілікке бастайтын игі бастама

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Бүгін Орал қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Таза аула!» атты тазалық жұмыстары өткізілді. Шара барысында аула аумақтары қоқыстан тазартылып, балалар ойын алаңдары мен қоршаулар әктеліп, жаңартылды. Бұл игі іске 20-дан астам ерікті жас атсалысып, өз үлестерін қосты.

Акцияның басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыру және жастардың азаматтық белсенділігін көтеру. Сонымен қатар, туған өлкеге деген жанашырлық пен сүйіспеншілікті арттыру, ортақ мүлікке ұқыппен қарауға баулу – бастаманың негізгі міндеттерінің бірі.

Іс-шараға қатысқан еріктілер жоғары деңгейде белсенділік танытып, ауланың тазалығын қалпына келтіруге үлкен үлес қосты. Нәтижесінде балалар алаңы жаңарып, аула шөптерден тазартылып, тұрғындарға таза әрі жайлы орта сыйлады. Жергілікті тұрғындар атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, алдағы уақытта да мұндай бастамаларды қолдайтындарын жеткізді.

Шара барысында Батыс Қазақстан облысының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сарсенбаев акцияның мән-маңызын атап өтіп, былай деді:

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында шілде айынан бастап 50 таза ойын алаңы жобасы іске қосылды. Бүгінгі шара – Абай атамыздың 180 жылдығына орай Абай көшесі аумағында ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба – балаларға қауіпсіз әрі таза ойын алаңын сыйлау арқылы өскелең ұрпақты тазалыққа баулуды көздейді. Қуаныштысы – волонтерлер саны күн санап артып келеді. Жастармен қатар, тұрғындардың да қызығушылық танытып жатқаны – бұл бастаманың өміршеңдігін көрсетеді».

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай шаралар Орал қаласының әр ауданында жалғасатынын айтып, қала тұрғындарын экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.

Бұл тек бір реттік тазалық жұмысы емес – бұл қоғам болып көтеретін ортақ міндет, келешек ұрпақ үшін жасалатын жауапты қадам. Табиғатқа жанашырлықпен қарау – біздің бүгінгі ісіміз бен болашаққа қалдырар аманатымыз екенін әр азамат жадында ұстауы тиіс.

#ТазаҚазақстан #чистая страна #экология #TazaChallenge

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko/press/news/details/1047033?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді