
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серік Сахиевтің қатысуымен жүкті әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысын өткізді.
Жұмыс сапары шеңберінде ведомство басшысы бірқатар медициналық нысандарды аралап, өңірдегі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен танысты.
Отырыс барысында өңірде ана өлімі жағдайларын талдаумен ҚР ДСМ бас акушер-гинекологы, «UMC» ҚҚ Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының «Әйелдер денсаулығы» департаментінің директоры Гаури Бапаева сөз сөйледі, Ақмола облысының медициналық ұйымдарында аналарға медициналық көмек көрсету сапасын бағалау қорытындысын ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Айманов ұсынды.
«Денсаулық сақтау министрлігі нысаналы индикаторларға қол жеткізуге бағытталған қажетті шараларды қабылдау үшін жүкті әйелдер өлімінің мониторингін жүзеге асырады. ҚР бойынша 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ана өлімі көрсеткішінің 10%-ға төмендеуі байқалады. Алайда, қабылданып жатқан жүйелі шараларға қарамастан, Ақмола облысын қоса алғанда, еліміздің 6 өңірінде өсім мен нысаналы мәнге қол жеткізбеу байқалады», – деп атап өтті А. Әлназарова
Облыстың босандыру қызметіндегі проблемалық мәселелердің қатарында жүктілік және босану кезінде әйелдерге медициналық көмек көрсететін медицина қызметкерлерінің біліктілігінің төмендігі, репродуктивтік жастағы әйелдер мен жүкті әйелдердің сапасыз динамикалық байқалуы атап өтілді.
«Ана мен бала денсаулығын сақтау – еліміздің басты басымдықтарының бірі. Ана өлімін азайту кешенді шараларды талап етеді: профилактикалық және емдік көмекті жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыру, асқынуларды уақтылы диагностикалау, сондай-ақ перзентханалар мен реанимациялық бөлімшелерді заманауи жабдықтармен жарақтандыру», – деп атап өтті министр.
Отырыстың соңында Ұлттық білімді бағалау орталығында медицина қызметкерлерін кезең-кезеңімен тестілеуді және одан әрі оқытуды қамтамасыз ету, жас мамандарға тәлімгерлікті дамыту, практикалық әдістемелерді пайдалана отырып, тұрақты тренингтер мен семинарлар өткізу тапсырылды.
«Амбулаториялық-емханалық қызмет деңгейінде қауіп факторлары бар жүкті әйелдерді бақылауға және уақтылы емдеуге жатқызуға ерекше назар аудару керек», — деп атап өтті министр.
Көкшетау қаласында А.
Әлназарова перинаталдық орталықтың құрылымдық бөлімшелерінің және әйелдер консультациясының, сондай-ақ шалғайдағы ауылдардан қауіп факторы жоғары әйелдерді уақтылы емдеуге жатқызатын «Дені сау ана» жүкті әйелдерге арналған пансионатының жұмысымен танысты.
Қосшы қаласында ведомство басшысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылатын ауысымына 1000 адам қабылдайтын емханасы бар көпбейінді өңірлік аурухана құрылысының барысын тексерді.
Жобаға 300 төсектік стационар, 50 төсектік оңалту орталығы және емхана кіреді. Пациенттерге арналған пансионат және тартылған мамандарға арналған тұрғын үй салу көзделген.
Сондай-ақ, А.Әлназарова ескі ғимарат 1928 жылы салынған Степняк қаласындағы емханамен біріктірілген аудандық аурухана құрылысының барысымен танысты.
Министрдің келу бағдарламасында облыс орталығында салынып жатқан 630 төсектік көпбейінді облыстық ауруханаға және режимдік нысанға – №7 мекемеге бару болды. Мұнда тергеушілер мен сотталғандарға медициналық-санитариялық алғашқы және дәрігерге дейінгі көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Сапар шеңберінде Ақмарал Әлназарова медициналық жұртшылықпен кездесу өткізді, оның барысында Мемлекет басшысы 2025 жылғы 14 шілдеде қол қойған МӘМС жетілдіру туралы Заң талқыланды.
«Біз денсаулық сақтаудың бюджеттік-сақтандыру моделіне жедел көшуге бағдарланғанбыз. Біз бюджеттің 65%-ға дейінгі бөлігі мемлекет есебінен қаржыландырылатын, тек 35-і сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылатын бюджеттік-сақтандыру бойынша бес жылға жуық жұмыс істейміз. Бұл стратегиялық шешімді уақтылы айту керек, өйткені заңның қабылдануы бірінші кезекте саланы алдағы жылдарға тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етеді», – деп түйіндеді ведомство басшысы.
Министр тұрақты медициналық сақтандыру жүйесінің негізі ынтымақтастық болып табылатынын атап өтті: мемлекет пен азаматтар халық денсаулығы үшін бірлесіп жауап береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1048328?lang=kk
Жауап қалдыру