
Шымкент қаласында судағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шаралар белсенді түрде жүргізілуде. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, шомылу маусымы аяқталғанға дейін күнделікті патрульдеу, рейдтік тексерулер және түсіндіру жұмыстары тұрақты бақылауда ұсталып отыр.
Осы бағыттағы кезекті алдын алу шарасы «Рахат Бадам» демалыс орнында өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен Еңбекші ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, әкімдік өкілдері, сондай-ақ «Оңтүстік» телеарнасының «112» бағдарламасы журналистері қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – шомылу орнына келушілерге қауіпсіздік ережелерін еске салу, балалардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлу және алдын алу ақпаратын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен тарату.
Іс-шара барысында демалушылармен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Әсіресе рұқсат етілмеген орындарда шомылудың адам өміріне төнетін үлкен қауіп екені ескертілді және мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салынатыны нақты жеткізілді.
Сонымен қатар, қатысушыларға суға батқан адамды құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету әдістері тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Шымкент қаласының ТЖД тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау, рұқсат етілмеген орындарда шомылмау және төтенше жағдай туындаған жағдайда бірден «112» нөміріне хабарласу – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/1048345?lang=kk
Жауап қалдыру