
Бүгін Сырым ауданында белгілі жазушы, журналист Бақтығұл Ойшыбаев атындағы конференц – зал ашылды.
Қаламгердің құрметіндегі зал М. Есламғалиев атындағы Сырым ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жаңа ғимаратында орналасқан.
Бақтығұл Ойшыбаев – қазақ журналистикасы мен қазақ әдебиетіне алма – кезек олжа салған адам.
Журналистика саласындағы еңбек жолын 1959 жылы аудандық «Ленин жолы» газетінде корректор ретінде бастады.
Машық мамандыққа ғашық қылды. 1961–1966 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтады. 1966–1973 жылдары туған өлкесіндегі аудандық газеттерде, соның ішінде бас редактордың орынбасары, кейін редактор ретінде қызмет атқарды.
1973–1997 жылдары Сырым ауданының «Қызыл ту» газетіне бас редактор болып жетекшілік етті. Қайраткер Бақтығұлды да қалыптастырған осы жылдар.
Ақын Бауыржан Ширмединұлының:
– Осы жерде тапты Сырым Дат тұғыр,
Осы жерде жазды Қадыр тәтті жыр,
Жымпитымен есімі егіз аталған –
Ойшыбаев Бақтығұл! – деуі тегін емес. Ол Жымпитының өз адамы болып ғұмыр кешті. Ол Алматыдағы әдеби ортадан алыс болды, ақын – серілердің ортасында емес, газет адамы ретінде малшы – механизаторлардың арасында жүрді. Арқасын Алатауға емес, редакциядағы ақбалшықпен сыланған пешке сүйеп отырып жазу жазды. Жымпитыдағы аудандық газеттің аядай бөлмесінде тарамыстай саусақтарымен толқынды шашын артқа қайырып, қағазға шұқшиып ұлы жазушы отырғанын жұрт білетін. Бертін келе “Алыстан көрінген от”, “Қимас күндер” атты прозалық дүниелері Бақтығұлды әдеби әлемге жарқыратып таныстырды. Оның туындылары ауыл жастарының аңсар – арманы мен еңбек адамдарының өмір тынысын шынайы бейнелейді.
Бақтығұлдың газеттің қара жұмысымен жағаласа жүріп жазғаны туралы Қадыр Мырза Әли:
– Ең жұмысы көп, ең қиын газет – аудандық газет. Өзің жазасың, өзің шығарасың! Және өзің жауап бересің! Азап па?! Азап. Бірақ, жазушы боламын деген талантқа ел ішінде бұдан артық жұмыс жоқ. Бәрін өз көзіңмен көресің, бәрін өз жүрегіңнен өткізесің. Өтірік айта алмайсың. Өйткені, куәларың жаныңда! Бақтығұл журналистер қойылатын кәсіби талапты өте жақсы түсінген әрі барынша лайық жұмыс істеген! – деп баға береді.
Конференц залдың ашылуы қаламгердің 85 жас мерейтойымен дәл келді. Айқарма есікті алғаш ашу құрметі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевке, жазушының жары Мәнира ханымға және қызы, журналист, “Литер” газетінің бас редакторы Жаннат Ойшыбаеваға берілді.
Зал ішінде жазушының өзі оқыған, тіпті парақтарының шетін бүктеп қойған кітаптары, коллекциясындағы қаламдары қойылған, қабырғаларға жеке архивінен шыққан бірқатар суреттер ілінген.
Ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Махмет Қажиахметов шәкірт ретінде ұстазы туралы толғанды. Сөз ұстаған қариялар – сырымдық Махамбет Ерниязов, тайпақтық Әленғали Керейтегі баянды іске бата берді.
Осы жерде жазушы Бақтығұл Ойшыбаевтың қайта басылған кітаптарының тұсауы кесілді.
Қаламгер атындағы залдың ашылуына орай Жымпитыға, соның ішінде Ойшыбаевтар әулетіне ҚР Мәдениет және Ақпарат Министрі Аида Балаевадан бастап, Ақтөбе, облысының әкімі Асхат Шахаровтың Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновтың, Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың және Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің құттықтаулары келді.
Қадыр ақын:
Бақтығұл адам ретінде қайта тірілмес, бірақ жазушы ретінде қайта оралады!” – деген – ді. Қаламгер Бақтығұл бүгін өз шаңырағына оралды.
Б. ШЕРІМ,
“Сырым елі”

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1048397?lang=kk
Жауап қалдыру