Бейжай қарамаңыз: Қостанайда полицейлер мен еріктілер есірткі-жарнамасы бар граффитиді жойды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бейжай қарамаңыз: Қостанайда полицейлер мен еріктілер есірткі-жарнамасы бар граффитиді жойды

Қостанай көшелерінде сайт сілтемелері жазылған құпия жазулар жиі кездесуде. Көп адам үшін бұл — жай ғана граффити. Алайда олардың артында әлдеқайда қауіпті нәрсе – есірткі заттарының заңсыз жарнамасы тұр.

Осындай үгіт-насихатқа қарсы кезекті шараны Қостанай облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, «Amanat» партиясының жастар қанаты — «Жастар Рухы» еріктілері және «Esbol Qory» қоғамдық бірлестігі бірлесе өткізді.

Есірткі-жарнамасы бар граффити — бұл қылмыс
Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ераділованың айтуынша, мұндай жазулар — ұсақ бұзақылық емес, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын іс-әрекет.

«Есірткілік және психотроптық заттарды, олардың аналогтарын немесе прекурсорларын үгіттеу не заңсыз жарнамалағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған», — деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта өңірде осындай фактілер бойынша 12 қылмыстық іс тергелуде.

Ондаған жазу жойылды
Іс-шара барысында акцияға қатысушылар 7-ықшамаудандағы тұрғын үйлердің қабырғаларынан табылған ондаған жазуды бояп, жойды. Ең алаңдатарлығы — олардың кейбірі мектеп пен балабақша маңына жазылған.

Мәдениет дауысы — есірткі қатеріне қарсы
Акцияға жақында профилактика кеңесінің құрамына кірген белгілі шоумен, «Amanat» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты кеңесінің мүшесі Байболат Сегізбаев та қосылды:

«Мұндай жазуларды өшіріп қана қоймай, бұл туралы ашық айту өте маңызды. Жастар жеңіл ақшаға қол жеткізуді ұсынған жарнамалардың артында қылмыс пен қайғы жатқанын жиі түсіне бермейді. Біз бұл тақырыпқа назар аударту үшін интерактивті форматтар мен креативті тәсілдерді қолданатын жаңа жолдарды іздейтін боламыз. Себебі, мәселе ушығып кетпей тұрып, алдын алуымыз керек».

Бұл — биылғы алтыншы акция

Ұйымдастырушылардың айтуынша, есірткі үгіт-насихатына қарсы күрес тек рейдтермен шектелмейді. Бұл — биылғы алтыншы акция, алдағы уақытта жаңа алдын алу тетіктерін әзірлеу және белсенді азаматтарды барынша тарту жоспарланып отыр.

Полиция мен қоғам үндеу жасайды:
Күдікті жазуларды байқасаңыз — бейжай қарамаңыз! Бұл туралы полицияға немесе учаскелік бөлімшеге хабарлаңыз. Бір қоңырау – біреудің тағдырын сақтап қалуы мүмкін.

#заңментәртіп #законипорядок

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-altynsarin-ilias-omarov/press/news/details/1048625?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді