
Келес ауданының прокуроры Нұрлан Ешенқұлов Ақтөбе, Жүзімдік, Бірлесу және Қошқарата ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев, дербес бөлім басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, ауылдағы өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесулер барысында жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, құқық қорғау саласындағы түйткілдер және ауыл инфрақұрылымын жақсарту мәселелері көтерілді. Әр сұраққа заң аясында түсініктемелер беріліп, шешу жолдары ұсынылды. Тұрғындардың нақты өтініштері бойынша тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны айтылды.
Сонымен қатар, аудан прокуроры қадағалау аумақтағы қылмыстылық жағдайға ерекше тоқталып, құқық қорғау органдары тарапынан жеке мүлікке қарсы қылмыстардың, оның ішінде мал, пәтер ұрлығын азайтуға бағытталған жұмыстар туралы атап өтті. Ал, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында жергілікті ауыл билерінің қатысуымен білім мекемелерінде кездесу өткізу жөнінде шешім қабылданды.
Нұрлан Ешенқұлов азаматтарды кез келген құқықтық мәселе бойынша прокуратураға немесе арнайы қабылдау күндеріне жүгінуге шақырды. Мұндай ашық форматтағы кездесулер бекітілген кестеге сәйкес алдағы уақытта қалған ауылдық округтерде жалғасын табады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1049192?lang=kk
Жауап қалдыру