
Жоғары білімі бар мамандарды даярлау мақсатында мемлекеттік органдардан кадр тапшылығы жөніндегі мәліметтер жинақталған. Биылғы жаңа оқу жылына арналған білім беру тапсырысы 40 орынды құрап отыр.
Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мәселесін қарау жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы өтті. Отырыс жұмысына облыстық мемлекеттік органдардың басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының өкілдері қатысты.
Өңір басшысының сөзінше, аймақтың кадрлық әлеуетін нығайту үшін жергілікті бюджет есебінен білім беру гранттарын бөлу ісі маңызды.
«Жоғары оқу орнын бітірген жас маман облыста кадр тапшылығы бар кез келген мекемеде кемінде бес жыл еңбек етуі тиіс. Бұл – өңірлік кадр тапшылығын мақсатты шешудің нақты тетігі», – деді әкім.
Отырыста білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева жергілікті бюджет есебінен бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады.
Мәліметке сәйкес, облыста бұл конкурс 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы кезеңде жалпы 542 грант бөлініп, 530 студент қабылданды. Қазіргі таңда 140 болашақ маман еліміздің 11 жоғары оқу орнында білім алып жатыр. 257 түлек оқуын аяқтады.
«Түлектердің жұмысқа орналасуы, келісімшарт талаптарының толық орындалуы – әрқашан өзекті мәселе. Әрбір қажеттілік ұсынып, сұраныс берген басқарма грант иегерлерімен байланыста болып, оқу үлгерімдерін, бітіргенін, жұмыспен қамтылуын және жолдама бергеннен соң келісімшарт уақыты біткенге дейін, яғни 5 жыл жұмыс жасап жатқанын білім басқармасымен бірлесіп қадағалауы қажет», – деді облыстың бас ұстазы Бұлбұл Күзембаева.
Ал жаңа оқу жылына арналған білім беру тапсырысы 40 орынды құрап отыр. Білім басқармасы биылғы жылы оқуға түскен студент оқуын 4 жылдан соң бітіретінін, сол жылдары зейнетке шығатын мұғалімдердің және ЖОО бітіретін түлектердің болжамды санын ескеріп, 2028-2029 оқу жылына қажеттілікті шығарған. Осы кезеңге дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы кадр тапшылығы қалыптасқан – орыс тілінде білім беретін бастауыш сынып, орыс тілі, математика, химия және физика пәндерінің мұғалімдерін даярлауға бағытталды. Ал алдағы жылдарда жүргізілген талдауға сәйкес математика, химия, физика, және көркем еңбек және сызу мұғалімдеріне сұраныс бар.
Сонымен қоса, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына – театр өнері, режиссура, сценография, аспаптық орындау; табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына – гидротехнолог және балық шаруашылығы мамандары; индустриялық-инновациялық даму басқармасы, табиғи ресурстар және дене шынықтыру және спорт басқармасы мен ветеринария басқармасына салалық мамандар қажет-ақ.
Айтып өткен жөн, 2024 жылы 5 бірлік ирригатор, 5 гидротехник дайындау, 1 балық шаруашылығы мамандығына мемлекеттік тапсырыс бөлінген еді, бірақ бірде-бір үміткер құжат тапсырмапты.
Баяндама соңында Бұлбұл Күзембаева комиссия мүшелерінен ұсынылған мәліметтерді қарап, мемлекеттік тапсырысты бекіту туралы шешім қабылдауды сұрады.
Отырыс қорытындысы бойынша конкурстық комиссия 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітті. Енді мемлекеттік орган жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орындауға қауқарлы Жоғары оқу орындарының тізімін жасап, келесі комиссия отырысына ұсынуы тиіс. Тамыз айының 16-18 күндері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында грант иесі атанғысы келетін үміткерлерден өтініштер қабылданады.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Асхат Шахаров бұл бастаманың өңірге қажетті мамандарды дер кезінде даярлап, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталғанын тағы бір еске салды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1049128?lang=kk
Жауап қалдыру