
Президент Маңғыстаудың қоғам қайраткері Рәббім Борашевты құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстаудың қоғам қайраткері, еңбек ардагері Рәббім Борашевты туған күнімен құттықтап, арнайы хат жолдады. Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың іс сапарда болуына байланысты Ел Президентінің құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев оқып, табыстады. — Құрметті Рәббім Байбозұлы! Сізді мерейлі жасқа толуыңызбен құттықтаймын. Өзіңізді отандастарымыз белсенді кәсіпкер әрі қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі. Ұзақ жыл киелі Маңғыстау өңірінде қажырлы қызмет жасап, құрылыс саласын дамытуға қосқан үлесіңіз өте мол. Заманауи білім беру, спорт кешені және басқа да әлеуметтік нысандарды салып, жас ұрпақтың игілігі үшін еңбек сіңіре білдіңіз. Ұлттық Құрылтай мүшесі ретінде қоғамның дамуына ат салысып жүрсіз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін, – делінген құттықтау хатта. Өз кезегінде Аббат Өрісбаев облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың атынан да құттықтап, ізгі ілтипатын жеткізді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1048525?lang=kk
Жауап қалдыру