Қазақстанда мал басы өсіп, мал шаруашылығына қолдау күшейтілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда барлық түрдегі ауыл шаруашылығы малдарының басы тұрақты өсуде. Бұл агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты жұмысын және саланың өнімділігінің артуын көрсетеді.

Ірі қара мал саны 8,8 млн басқа жетті (+8,3%), соның ішінде сиыр — 4,5 млн (+16,3%). 2,7 млн бұзау алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,5%-ға көп. Ұсақ мал басы 0,8%-ға өсіп, 21,5 млн басты құрады, ал 7,6 млн қозы алынды (+4,8%). Жылқы саны 4,7%-ға артып, 4,7 млн басқа жетті, 1 млн құлын алынды (+8,1%).

Қаңтар–маусым айларында 529,9 мың тонна ет өндірілді (+1,5%), оның ішінде сиыр еті — 182,3 мың тонна, қой еті — 56,4 мың тонна, жылқы еті — 69,3 мың тонна.

Ет өнімдері бағасының өсуі, ең алдымен, ішкі және сыртқы объективті факторларға байланысты: коммуналдық қызметтер, энергия ресурстары, жем-шөп пен жанар-жағармайдың қымбаттауы, сондай-ақ жоғары экспорттық сұраныс.

Ішкі нарықты қорғау мақсатында тірі малды әкетуге уақытша шектеулер енгізіліп, ет өнімдерін экспорттауға бақылау шаралары күшейтілді.

Атап айтқанда, 10 қазанға дейін ІҚМ мен ҰМ аналық малын әкетуге тыйым салу күшінде. Сондай-ақ, 15 мамырдан 15 тамыз 2025 жылға дейін ІҚМ бұқаларын әкетуге тыйым енгізілді, әрі ол 16 тамыздан 30 қазанға дейін ұзартылатын болады.

Сонымен қатар, қаңтар–мамыр аралығында ет экспорты артты. Осы кезеңде сиыр еті экспорты 12,3 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе өсті. Қой еті экспорты — 9,2 мың тонна, өсім 2,6 есе.

Елде қуаттылығы 534 мың басқа дейінгі 300 ІҚМ бордақылау алаңы және 15 ҰМ алаңы жұмыс істейді.

Бордақылау алаңдарының толық жүктелмеуінің негізгі себептері — жас малды сатып алуға қолжетімді айналым қаражатының тапшылығы және екінші деңгейлі банктердегі несиенің қымбаттығы.

Осыған байланысты Үкімет мал шаруашылығы саласын қолдауға арналған кешенді бағдарламаны іске асыруда.

30 шілдеде жас мал, жем-шөп және жанар-жағармай сатып алу үшін бордақылау алаңдарына 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуға өтінім қабылдау басталды. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлініп, жүктемені 34%-дан 60%-дан астамға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта асыл тұқымды мал сатып алу және малдың тұқымдық сапасын жақсарту үшін жылдық 6% мөлшерлемемен «Ігілік» жаңа бағдарламасы іске қосылады.

Бұл шаралар өндірісті арттыруға, бағаны тұрақтандыруға және халықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1048641?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді