
Осы жылғы 6-9 тамызда Италияның Адриатика жағалауындағы Апулия аймағында орналасқан Вьесте қаласында әлемнің түрлі елдерінің музыкалық және би топтары қатысқан Үшінші дүниежүзілік фольклорлық фестиваль өтті. Іс-шараны Вьесте қаласының әкімдігі, “Samarkanda” қауымдастығы және “Pizzeche е Muzzeche”фольклорлық ансамблі ұйымдастырды.
Қазақстан атынан фестивальге Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері қатысты. “Жамбыл” триосы мен “Ақ кербез” би ансамблінің жас таланттары қазақтың халық әндері мен билерін орындады.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев мұндай іс-шаралардың халық мәдениетін насихаттаудағы, халықтар арасындағы достықты, бірлік пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
“Біз үшін Дүниежүзілік фольклорлық фестивальдің итальяндық көрермендерді түркітілдес елдердің мәдениетімен және өнерімен таныстыруға бірегей мүмкіндік береудегі маңызы зор. Бүгінде Орталық Азия елдерінен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген көптеген әртістер өз шеберліктері мен таланттарын көрсетеді, олар өз шеберліктерімен көрермендерге түркі мәдениетінің сан қырын көрсетеді”, – деп атап өтті Е.Сембаев.
Фестивальге Әзербайжан, Грузия, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Мексика, Португалия, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің музыкалық және би ұжымдары қатысты. Әндер мен билерден басқа көрермендердің назарына “Gambero Rosso” аспаздық шоуы, сондай-ақ Өзбекстан мен Әзербайжаннан келген дизайнерлердің киім топтамасын көрсетуі ұсынылды.
Вьесте қаласындағы Дүниежүзілік фольклорлық фестиваль күллі әлемдегі музыка, би, костюмдер және аспаздық дәстүрлер арқылы әлем халықтарының мәдени әралуандылығын көрсететін халықаралық мәдени шара.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-roma/press/news/details/1048439?lang=kk
Жауап қалдыру