
Киелі Қазығұрт жұртшылығы Грекияның Афина қаласында күрес түрлерінен өткен жасөспірімдер арасындағы (U-17) Әлем чемпионатында қола медаль иеленген жерлесіміз, дарынды спортшы Әбдіқасым Данаел Нұрсейітұлын зор қошеметпен қарсы алды.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрініп, өңіріміздің абыройын асқақтатқан жерлесімізді құттықтады. Сондай-ақ алғыс хатпен марапаттап, 1 000 0000 миллион теңгенің, ал, жеке бапкеріне 500.000 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер – Тулеев Жабай Ережепұлы еліміздің мерейін әлемдік дүбірлі додада үстем етіп, көк байрағымызды көкте желбіреткен жас чемпионға автокөліктің кілтін табыс етті.
Салтанатты шараға Қазығұрт және Төлеби аудандарының Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Омаров Аманбай Жанұзақұлы, облыстық мәслихат депутаты Аширов Нұржан Сапабекұлы, спорт саласының ардагерлері және ауыл тұрғындары қатысып, чемпионға жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Данаел Нұрсейітұлы 2008 жылдың ақпан айының 17 жұлдызы күні Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылында қарапайым да көпбалалы отбасында дүниеге келген. Данаел Түркістан облыстық Б.Саттарханов атындағы мамандандырылған спорт мектеп-интернатының түлегі. Бапкері – Бектанов Баубек Жүзбайұлы. Данаел – спортқа деген ынтасы мен қайсарлығының арқасында қысқа уақытта халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Бұл құрмет – жас спортшының ғана емес, барша Қазығұрт халқының жеңісі. Өйткені, ел үмітін ақтап, көк байрағымызды көкте желбіреткен ұландар – ұлт мақтанышы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1049484?lang=kk
Жауап қалдыру