
Маңғыстау облысында армия авиациясының қатысуымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығудың мақсаты – барлық дәрежелі басқару органдары мен командалық құрамның дайындық деңгейін тексеру, сондай-ақ теңіз акваториясында жауынгерлік операцияларды ұйымдастыру және оны іске асыру бойынша практикалық іс-қимылдарды пысықтау болды.
Іс-шара барысында жеке құрам бірқатар оқу-жауынгерлік эпизодтарды: миналарды барлап іздестіруді іске асыру, теңіз экономикалық қызмет объектілерін күзету және қорғау, шартты қарсыластың әуе шабуылы құралдарының ұрысын тойтару, сондай-ақ авариялық жағдайдағы корабльді іздеу және оны құтқару жөніндегі іс-қимылдарды пысықтады.
Шартты қарсыластың кеме тобына бірлескен соққы беру эпизодына ерекше назар аударылды. Бұл іс-қимылды іске асыруға әскери корабльдер мен армия авиациясы, соның ішінде Ми-8 және Ми-35 тікұшақтары қатысты.
Әскери-теңіз күштері дабыл бойынша көтеріліп, нақты ұрысқа жақын жағдайда бөлімшелердің жауынгерлік дайындық деңгейін толық тексеруге мүмкіндік берді.
– Оқу-жаттығу шеңберінде бөлімшелерді басқарудағы командалық, офицерлер мен лауазымды тұлғалардың практикалық дағдылары жетілдірілді, – деп атап өтті бас қолбасшының орынбасары – ҚР ҚК ӘТК бас қолбасшысы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы 1-дәрежелі капитан Данияр Хайрушев.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша жеке құрам жедел және тактикалық даярлық деңгейін арттырып, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиімді орындау қабілеті бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1049260?lang=kk
Жауап қалдыру