Қыс қамы: Қарағанды облысының аудандарында жылыту маусымына дайындық қарқын алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс әкімі Ермаганбет Булекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік нысандарды жылумен қамту және инфрақұрылым объектілерінің дайындығы жан-жақты талқыланды. Жиынға Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Нұра аудандарының әкімдері, сондай-ақ тиісті басқармалар мен коммуналдық қызметтердің басшылары қатысты.
Бұқар жырау ауданы әкімдігінің мәліметінше, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғын үй қорының дайындығы 60 пайызды құрайды. 1 қыркүйекке дейін білім, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерін көмірмен толық қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі таңда аудан аумағындағы қазандықтар мен жылу желілерінде жоспарлы жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қарқаралы ауданындағы жылу магистралінің 90 пайызы жаңартылып болды. №1 қазандыққа қосымша қуаты 1,2 МВт болатын қазан агрегаты орнатылды. Барлық қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүркітті ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеуі аясында оның жылыту жүйесі де толықтай жаңғыртылды.
Шет ауданында 28 КТП, трасформаторлар, сымдар, ажыратқыштар және басқа да қажетті жабдықтар сатып алынды.
– Энергетика басқармасының мониторингіне сәйкес, аудан аумағындағы жылу және сумен жабдықтау нысандарының дайындығы 60 пайыздан асты. Электр желілері мен қосалқы стансалардың дайындығы – 70 пайыз. Әлеуметтік-мәдени нысандарға келсек, спорт мекемелері қысқы маусымға толық дайын, қалғандарының дайындығы шамамен 70 пайыз деңгейінде, – деп атап өтті Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Нұра ауданындағы әлеуметтік нысандар үшін көмір қорының негізгі бөлігі дайын. Сонымен қатар Кертінді және Мыңбаев ауылдарындағы мәдениет үйлеріне жаңа блок-модульді қазандықтар орнатылған.
– Барлық нысандар техникалық тұрғыда белгіленген күнге – 15-ші қыркүйекке дейін толық дайын болуы тиіс. Әр кезеңдегі жұмыс барысы тұрақты бақылауда болуы қажет. Әсіресе, кестеден кешігу қаупі бар учаскелерге ерекше назар аударылсын, – деді облыс әкімі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet/press/news/details/1049381?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді