Ермек Кенжеханұлы Алматы облысының ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындарымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ермек Кенжеханұлы өңдеу және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын аралады.

Алғашқы нысан – 2023 жылдан бастап жұмыс істейтін «FRUIT ART» ЖШС жеміс-жидек комбинаты болды. Жобаның жылына 15 мың тонна өнім өндіру қуаттылығымен жалпы құны 50 млрд теңгені құрайды. Бүгінде жоба аяқталып, жоспарланған технологиялық қуаттылыққа шығу кезеңінде.

Ермек Кенжеханұлы жылына 3 мың тонна шикізат өңдеп, 300 тонна дайын сублимациялық өнім шығаратын комбинатты, шоктық мұздату жабдықтарын, 3 мың тоннаға арналған мұздатылған өнім қоймасын және 15 мың тонна сыйымдылығы бар реттелетін газ ортасы бар жеміс сақтау қоймасын аралап көрді.

Комбинат жанында жыл бойы құлпынай өсіруге арналған 5,5 гектар аумақтағы жылыжай кешені жұмыс істейді. Өнім тек қазақстандық нарықта ғана емес, Еуропа, Азия және ТМД елдеріне де экспортталады.

Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы Қазақстанда балмұздақ өндірісі көлемі бойынша 57% нарық үлесіне ие көшбасшы компания – «Шин-Лайн»ның жұмысымен танысты.

2002 жылы құрылған бұл компания шағын фабрикадан Орталық Азиядағы балмұздақтың жетекші өндірушісіне айналды. Бүгінде «Шин-Лайн» компаниясында 3 500 адам еңбек етеді, ал өнім ассортиментінде 163-тен астам балмұздақ түрі, сүт өнімдері, вафли, тоңазытылған тағамдар, жылдам дайындалатын кеспе және сублимациялық балмұздақ бар.

Компания өнімдері Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия және Қытайға экспортталады. Биыл Сауд Арабиясы мен Армения нарығына шығу жоспарланып отыр. 2024 жылы балмұздақ экспорты 10 мың тоннаны құрады, ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 14 мың тоннаға дейін арттыру көзделуде.

Компания халықаралық логистиканы белсенді дамытып, теңіз тасымалдары үшін тоңазытқыш контейнерлерді пайдалануда, сондай-ақ Оңтүстік Корея және Вьетнамға жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. «Шин-Лайн»-ның стратегиялық мақсаты – 2028 жылға қарай әлемдегі балмұздақтың үздік 10 бренді қатарына ену.

«Бұл кәсіпорындар – заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттарға бағытталу қазақстандық өндірушілердің жаһандық нарықта табысты бәсекелесуіне мүмкіндік беретінінің жарқын мысалы. Мұндай жобалар жұмыс орындарын ашып қана қоймай, шетелде отандық аграрлық өнімнің беделін арттырады», – деп түйіндеді министр міндетін атқарушы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1050975?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді