Маман жоқ болса, машақат көп…

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Әр аудан орталығында, атауы – ұзын сонар қызмет тізімінен тұратын “тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» дейтін бір күрделі мекеме бар. Жұрт оны қысқартып, “ЖКХ” дейді. Қаншама міндет бір бөлімге шоғырланғандықтан ба, әлде, басқа себептері бар ма – кейде шаруасы шатқаяқтап, “өгізге тартса – арбасы сынып, арбаға тартса – өгізі өліп” жататыны өтірік емес. Сол себепті, “аталған бөлімге басшы тұрақтамайды”дегенді жиі еститінбіз…

Жақында сол, Қарақия аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясынан мамандар келіп, «Бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігі» бойынша аудиторлық іс-шара өткізген болатын. Аудиттік тексерудің нәтижесінде бірқатар кемшіліктер мен заң бұзушылықтар анықталған.
Осыған байланысты комиссия мүшелері аудан әкімдігінде кездесу өткізіп, аталған тексерудің қорытындысынан алынған нәтижелерді талқылады.
Аудан әкімінің орынбасары Санат Төкенов жүргізген отырысқа Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бөлімінің басшысы Айгуль Нурбосынова,
комиссия мүшесі Алия Касенова және аталған тұрғын үй бөлімі басшысы мен қызметкерлері қатысты. Аудиторлар, тұрғын үй бөлімінде орын алған олқылықтарды оңалтып, белгілі уақыттың ішінде кемшілікті жою керегін айтты.
– Аталған бөлімде маман тапшылығы байқалады. Соның салдарынан айналасы екі жылдың ішінде 9 басшы, 11 есепші ауысқан. Мұндай жағдайлар қызметтегі кемшіліктер мен заң бұзушылықтарға алып келеді. Сондықтан, аудан басшылары кадр мәселесіне ден қойып, аталған бөлімнің жұмысын бір жүйеге келтіру үшін, келген мамандардың тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етуі керек, – дейді Алия Касенова.
Сондай-ақ комиссия мүшелері бөлінген бюджет пен мемлекеттік активтердің пайдалану тиімділігі, бірізділігі және заңдылығы жөнінде мамандарға ақыл-кеңес берді.
Аршын Керей

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1051098?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді