Мойынқұмда Құрылысшылар күні аталып өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құрылыс – тек кірпіш қалаудан тұрмайтын, елдің еңсесін көтеретін, жаңа өмірдің іргетасын қалайтын ұлы еңбек. Әрбір жаңа мектеп, жол, мәдениет ошағы мен тұрғын үй – құрылысшылардың маңдай терінің, алтын қолының жемісі. Мойынқұм ауданында да осы саланың дамуы елді мекендердің көркеюіне, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына тікелей ықпал етіп келеді.

Биылғы кәсіби мерекеде аудан орталығында салтанатты жиын өтіп, оған аудан әкімінің міндетін атқарушы Алибек Нурадинов қатысып, көп жылғы адал еңбегімен көзге түскен құрылыс ардагерлерін және саладағы белсенді еңбеккерлерді марапаттады. Ол құттықтау сөзінде: «Құрылысшылар – өркениеттің қалыптасуына тікелей үлес қосатын, елдің болашағын алға жетелейтін алтын қолды жандар. Сіздердің еңбектеріңіз – ұрпаққа үлгі, тарихқа таңба болып қалады. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді.

Ауданның дамуына қосқан үлесі үшін медальмен Меркібекова Пернекүл Шамшиевна, Сатиков Марек, Бекболатов Серік Сейсебайұлы, Жақсымбетов Замир Алпысбаевич марапатталды. Ал аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» Асанбеков Алмас, Бухарбаев Оразалы, Кравченко Валерий Дмитриевич және жеке кәсіпкер Омарова Айгүл Әбетайқызы марапатталды.

Салтанатты шарада марапат иегерлері де сөз алып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Еңбек ардагері Пернекүл Шамшиевна: «Бұл марапат – мен үшін үлкен қуаныш әрі құрмет. Біз кезінде ауданның өркендеуіне өз үлесімізді қостық. Енді сол еңбектің елеп-ескерілгені жанға жылу береді», – десе, Серік Сейсебайұлы: «Жастарға айтарым – ең бастысы, еңбектен қорықпау. Әр кірпішің, әр жасаған ісің – болашақтың бір бөлшегі», – деп жастарды адал еңбекке шақырды.

Марапатталғандардың барлығы да ауданның әрбір жаңа нысаны, әрбір көркейген көшесі – өз еңбектерінің жалғасы екенін атап өтті. Мойынқұмдық құрылысшылардың қажырлы еңбегі мен берік бірлігі ауданның ертеңін нұрлы етуге қызмет етіп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1050636?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді