
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев ағзалар мен тіндер трансплантатталған адамдарды біріктіретін республикалық және өңірлік пациенттер ұйымдарының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында вице-министр бірқатар ауруларды, оның ішінде трансплантаттаудан кейінгі жағдайды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тізбесіне ауыстыруды көздейтін бұйрықтың жобасына байланысты мәселелер бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме берді.
Ержан Нұрлыбаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте бекітілген пациенттерді иммуносупрессивтік дәрілік препараттармен қамтамасыз ету бойынша барлық кепілдіктер толық көлемде сақталатынын атап өтті.
«Сізге «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі бойынша кепілдендірілген медициналық көмектің көлемі сақталады. Иммуносупрессивтік препараттармен қамтамасыз ету жалғастырылады»,-деп атап өтті вице-министр.
Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, қаржыландыру тәртібін өзгерту көмекті қысқартпайды, керісінше емдеудің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
«ТМККК шеңберінде пациенттерге негізгі ауру бойынша қамтамасыз ету сақталады, ал МӘМС пакеті есебінен сіздер қосалқы ауруларды емдеу үшін қажетті дәрілік препараттарға қосымша қол жеткізе аласыздар. Бұл ауыстыру емес, мүмкіндіктерді кеңейту. Ағзаларды трансплантаттаудан өткендердің барлығы медициналық көмекке, соның ішінде дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге толық қол жеткізе алады. Мемлекет емдеуді үзіліссіз жалғастыру үшін жеңілдікті санаттар үшін жарналарды төлеу бойынша міндеттемелерді өз мойнына алады», — деп түсіндірді ол.
Бүгінде Қазақстанда трансплантаттаудан кейін 3,5 мыңнан астам пациент бар, оның 99%-ы сақтандырылған мәртебеге ие. Жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін, сондай-ақ мемлекет немесе жұмыс беруші сақтандыру жарналарын төлейтіндер үшін медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қол жеткізуге кепілдік беріледі.
Вице-министр пациенттер ұйымдарынан келіп түскен ұсыныстар бұйрықтың жобасын пысықтау кезінде қаралатынын, ал пациенттердің құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс қоғамдық бірлестіктермен тұрақты өзара іс-қимылда жалғасатынын хабарлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1052171?lang=kk
Жауап қалдыру