
15 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Үстірт: табиғи ландшафт және аң аулауға арналған арандар» номинациялық құжаттамасын дайындау бойынша келген халықаралық сарапшылар тобымен кездесті.
Кездесу барысында жергілікті маңыздағы тарихи мәдени ескерткіштер тізіміндегі арандарды, ЮНЕСКО халықаралық ұйымының алдынала тізіміне енгізу жұмыстарын талқылады. Сарапшылар дайындық жұмыстарының барысы, алдағы жоспарлармен бөлісіп, экспедиция жүргізу үшін қолдау көрсетуге ұсыныс білдірді.
Әкім Нұрдәулет Қилыбай арандардың халықаралық мәртебе алуы өңірдің туризм әлеуетін арттыратынын атап өтіп, ғылыми-зерттеу және экспедициялық жұмыстарға қажетті барлық қолдау көрсетілетінін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы өткен III Ұлттық құрылтайда еліміздегі бірегей табиғи және тарихи нысандарды сақтап, халықаралық деңгейде таныстырудың маңыздылығын атап өткен болатын.
Маңғыстау аумағында ерте темір дәуірінен XVIII–XIX ғасырларға дейін пайдаланылған 800-ден астам аран (аң ұстауға арналған қоршау) бар. Қазіргі таңда олардың 46-сы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына енгізілген. Қалған арандарды қорғау, зерттеу және тарихи құндылығын анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, олар республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілуі мүмкін.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1051632?lang=kk
Жауап қалдыру