
Қарқаралы қаласының «Аңыз» хореографиялық ансамблі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Щучинск қаласында өткен халықаралық Burabay Fiesta өнер додасында Гран-при иегері атанды. Би өнерінде бақ сынаған 20 ұжымның қатысушылары 12 мен 15 жас аралығындағы жас бишілер болды.
Шолпан Жандарбекова атындағы Қарқаралы қалалық мәдениет және демалыс орталығының үлгілі хореографиялық ансамблі байқауда орта және аға топ құрамымен өнер көрсетті. Орта топ қазақ биі «Тарту» қойылымын сахналап, қазылар алқасының жоғары бағасын алып, бас жүлдені жеңіп алды. Аға топ «Хорезм» және «Боздала» билерін орындап, бірінші орынға ие болды.
— Бұл жеңіс біз үшін ерекше қымбат. Себебі байқаудың қазылар алқасы өте талапшыл әрі кәсіби болды. Барлық номинация бойынша тек бір ғана Гран-при берілді, және ол бізге бұйырды. Тыңғылықты дайындыққа қарамастан, бұл нәтиже балалардың өздері үшін де тосын сый болды, — деді ансамбль жетекшісі Ләйлә Іргебаева.
Оның айтуынша, бұл жеңіс жас бишілер үшін зор жігер мен шабыт берді. Қатысушылар енді жаңа байқауларға қатысып, тың белестерді бағындыруға ниетті.
Ләйлә Іргебаева, сондай-ақ, байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және қатысушыларға көрсетілген жылы шырайлы қабылдауды ерекше атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1049639?lang=kk
Жауап қалдыру