
Сапар аясында министр Тараз қаласының тұрғындарымен жүздесіп, мәдениет және ақпарат салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жайында жан-жақты мәлімет берді.
Кездесу барысында Аида Ғалымқызы ведомствоның әр бағыттағы қызметіне тоқталып, соңғы жылдары қолға алынған жаңашылдықтарды атап өтті. Министрліктің басты басымдықтарының бірі – қызметтерді толық цифрландыру екеніне назар аударды. Бұл бағытта E-muzeum веб-порталы іске қосылып, мемлекеттік музей қорындағы 65 мыңнан астам экспонат пен 275 жәдігер жайлы мәлімет қалың жұртшылыққа қолжетімді болған. Сондай-ақ «Е-архив» жүйесі арқылы 2 миллионнан аса құжат сандық форматқа көшірілген.
Министр киелі орындарды да цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Айша бибі және Қарахан кесенелерінде көрсетілетін қызметтер заманауи форматқа ауыстырылуда. Соңғы жылдары бұл нысандарға келушілер саны айтарлықтай артып, түскен табыс көлемі үш есеге көбейген.
Жиында өңірдегі қазақ театрына академиялық атақ беру мәселесі де қозғалды: «А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының академиялық атақ алуға толық мүмкіндігі бар. Дегенмен, түпкілікті шешімді комиссия қабылдайды. Егер барлық құжаттар талапқа сай болса, комиссия егжей-тегжейлі қарап, бұл статусты беруі мүмкін.Мен де бұл іске мүдделімін, өйткені мәртебенің жоғарылауы театр ұжымындағы мамандардың жалақысының өсуіне тікелей ықпал етеді. Демек, олардың еңбегін лайықты бағалап, жақсы жалақы алуға мүмкіндік тудырсақ – бұл біз үшін де қуанышты жаңалық болмақ», – деді Аида Ғалымқызы.
Кездесу соңында жергілікті тұрғындар мәдениет үйін салу, әдеби кітаптар шығару, қолөнершілерді қолдау сынды өзекті мәселелерді көтеріп, министрге ұсыныстарын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1051002?lang=kk
Жауап қалдыру