
Абай облысында ұлы ақын, ағартушы және ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар жалғасуда. Онкүндіктің тоғызыншы күнінде Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға Түркия, Нидерланды, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің түрлі өңірлерінен абайтанушы, әдебиеттанушы, философ және тарихшы ғалымдар қатысты. Сонымен қатар, конференцияға Абай облыстық мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков пен өңірлерден келген мәслихат төрағалары да арнайы қатысты.
Конференцияның ашылуында Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, Абай мұрасының әлемдік маңызына тоқталды.
Басқосу барысында Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бираз, Нидерландыдан келген түркітанушы Роберт Эрмерс, филология ғылымдарының докторлары Тұрсын Жұртбай мен Арап Еспенбетов, сондай-ақ өзге де белгілі ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады.
Айрықша атап өтерлігі, конференция аясында алғаш рет көпшілікке арналған 9 жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-abay/press/news/details/1049271?lang=kk

Жауап қалдыру