
2025 жылдың 6–9 тамызы аралығында Италияның Апулия аймағындағы Вьесте қаласында «Samarkanda» қауымдастығы, Вьесте қалалық мэриясы және «Pizzache & Muzzeche» қауымдастығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік фольклорлар фестивалі өтті.
Фестивальдің басты мақсаты – әлем халықтарының дәстүрлі музыкасы мен би өнерін насихаттау, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту.
Аталған халықаралық мәдени шараға ұлттық өнерімізді әлемге таныту, өнер ұжымының халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз ету, мәдени байланыстарды кеңейту және кәсіби тәжірибе алмасу мақсатында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ақкербез» би ансамблі мен «Жамбыл» триосы қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Фестиваль бағдарламасы аясында қатысушылар әр елдің ұлттық сахналық нұсқадағы биі мен музыкалық шығармаларын орындап, дәстүрлі киім үлгілері мен фольклорлық дәстүрлерін көрсетті. Қазақстан атынан қатысқан «Ақкербез» би ансамблі ұлттық нақыштағы би қойылымдарын ұсынса, «Жамбыл» триосы дәстүрлі музыкалық шығармалар мен авторлық әндерді шеберлікпен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Фестивальге Қазақстан, Италия, Франция, Испания, Болгария, Польша, Түркия, Үндістан, Сербия, Мексика сынды әлемнің 15-тен астам елінен фольклорлық топтар мен ансамбльдер қатысты. Әрбір ұжымға арнайы сахна уақыты бөлініп, қалада шеру, көшелік қойылымдар және үлкен гала-концерттер ұйымдастырылды.
Қазақстандық өнерпаздардың орындауындағы нөмірлер фестиваль қонақтары мен көрермендерінің зор қошеметіне ие болып, халықаралық сыншылар мен ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаланды. Қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған мәдени кездесу, шеберлік сағаттары мен шеру-бағдарламалар Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнер ұжымдарына шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға және шығармашылық байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1050545?lang=kk
Жауап қалдыру