
Жаңа оқу жылы қарсаңында Жетісу облысында білім беру мекемелерінің дайындығына қатысты кешенді мониторинг жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Р. Аждарқызы, сондай-ақ Ақсу аудандық мәслихатының депутаттары С. Баянова мен С. Смағұлов Ақсу ауданына қарасты 11 мектептің 8-іне барып, олардың жаңа оқу жылына және жылыту маусымына дайындығын тексерді.
Мониторинг барысында депутаттар мектептердің материалдық-техникалық базасымен танысып, бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда:
- жаңа оқу жылына арналған оқулықтар қорының жеткіліктілігі;
- инклюзивті білім беруге арналған жағдайлар, соның ішінде пандустардың болуы мен олардың стандарттарға сәйкестігі;
- қауіпсіздік жүйелерінің, яғни бейнебақылау камералары мен дабыл түймелерінің жұмыс істеу жағдайы;
- спорт алаңдары мен санитарлық тораптардың (дәретханалардың) жағдайы;
- жылыту маусымына дайындық, соның ішінде мектеп қазандықтарының техникалық ахуалы.
Депутаттар анықталған кемшіліктер мен өзекті мәселелер бойынша тиісті сала өкілдеріне нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берді.
Мониторингтік шаралар Ақсу ауданымен шектелмейді. Алдағы күндері бұл жұмыс облыстың өзге аудандарында да жалғасады. Мақсат — өңір мектептерінде оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына толық жағдай жасау.
Бұл бастама – депутаттық корпус пен жергілікті атқарушы органдардың білім сапасын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған ортақ жұмысының бір бөлігі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetisy-maslihat/press/news/details/1050539?lang=kk
Жауап қалдыру