Ақтауда ботаникалық бақтың аумағына 250 түп ағаш отырғызылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ақтауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының» сыртқы аумағына 250 түп ағаш отырғызылды.

Іс-шара облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту және жасыл желек көлемін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Ағаш отырғызуға 100-ден астам ботаникалық бақ қызметкері мен «Green City Aktau» ЖШС мамандары белсенді қатысты.

-Бүгін «Доңға» мұнай-газ кен орнының қолдауымен ботаникалық бақтың аумағына 250 түп ағаш отырғызылды. Атап айтқанда, 100 айлант, 100 кельрейтерия және 50 гледичия көшеті егілді. Егілген ағаштардың барлығы контейнерде, өз топырағымен бірге жеткізілген. Бұл әдіс – көшетті жылдың кез келген мезгілінде отырғызуға мүмкіндік береді. Айлант, кельрейтерия және гледичия – шөл және шөлейт климатқа төзімді, күтімі жеңіл ағаш түрлері. Ғылым қорының жобасы аясында біз дәл осындай заманауи тәсілге көштік. Контейнерлік әдіспен өсірілген көшеттердің тамыр жүйесі мықты, су тапшылығына төзімді. Уақтылы суарып, түбін қопсытып отырса – жақсы өсіп, тез бейімделеді, – деді «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының» басшысы Ақжүніс Иманбаева.

Сондай-ақ, «Green City Aktau» ЖШС көгалдандырушы Таңсұлу Елемешова ағаш отырғызу жұмысына атсалысқанына риза екенін атап өтті.

-Мұндай игі бастамалар өңірдің экологиясын жақсартуға сеп болады. Шөлейтті жерде жасыл желектің көбейгенін көріп, көңілім марқаяды. Бүгін еккен ағаштар ертең саялы баққа айналып, тұрғындарға пайдасын тигізетініне сенемін, – деді Таңсұлу Елемешова.

Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңірдегі көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен күшейтіледі.

 
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1048917?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді