Ақтауда Серікбол Қондыбай мұрасына арналған мәдени іс-шаралар өз мәресіне жетті

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ақтауда ғалым, мифолог Серікбол Қондыбайдың шығармашылығына арналған «Серікбол Қондыбай мұрасы және түркі әлемі» халықаралық конференциясы мен тұңғыш «Үркер» қысқаметражды анимациялық фильмдер фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Екі күнге созылған мәдени іс-шара түркі дүниесінің тарихы мен аңыздарын заманауи өнер тілімен жеткізді.

Фестиваль аясында негізгі және студенттік байқауларға 17 режиссер қатысып, туындыларын қазылар алқасына ұсынды.

Жабылу салтанатына Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев қатысып, түркі руханиятын насихаттаудағы еңбегі үшін Қондыбай Балсұлу Әділбекқызына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнайы төсбелгісін табыс етті. Шара барысында Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов мәдени іс-шараның маңызын атап өтті.

-Серікбол Қондыбай – тек Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің мақтанышы. Оның еңбектері жас ұрпаққа рух беріп, тарихи жадымызды жаңғыртады. «Үркер» фестивалі арқылы біз сол рухани мұраны жаңа қырынан танытып, түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтамыз деп сенемін, – деді Әбілқайыр Байпақов.

Жабылу салтанатының қорытындысы бойынша мифологияны үздік бейнелегені үшін «Балалы үй базар» туындысымен Қазақстаннан Маржан Жұбаныш, үздік ұлттық анимациялық фильм «Жарқанат пен құрбақа» туындысымен Татарстаннан Сергей Киатров, үздік студенттік фильм «Түрлі түсті қанаттар» туындысымен Өзбекстаннан Дильшода Насирова мен Джамолиддин Забихиддинов, үздік қысқаметражды фильм «Тұран» туындысымен Қазақстаннан Жанәділ Байдарбек марапатталды.

Сондай ақ, қазылар алқасының арнайы жүлдесі «Дәруіш» туындысымен Ясмин Жұмабаеваға, көрермен көзайымы Маржан Жұбанышқа, ТҮРКСОЙ арнайы жүлдесі «Нарғыз» туындысымен Әзербайжаннан Масуд Панахиға табысталды. Ал фестивальдің басты марапаты гран-при «Алтын көл» туындысымен Қазақстаннан Гүлбақыт Тазабековаға бұйырды.

 
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1048923?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді