
Қазақстанда тамыз айының әр үшінші жексенбісінде Спорт күні атап өтіледі. Мерекеге орай елорданың танымал спортшылары мен жаттықтырушылары қазақстандықтарғк жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік бастаманы қолдағандар қатарында – Қазақстан Республикасының джиу-джитсудан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Арманжан Рузахунов, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ел рекордшысы (U23) Виктория Ан (60 м, 200 м, 400 м және 4×100 м эстафета), джиу-джитсудан Азия ойындарының күміс жүлдегері Галина Дуванова, Қытайдың Чэнду қаласында өткен XII Дүниежүзілік ойындардың күміс жүлдегері Нұрсұлтан Дүйсенқұлов, пара-оқ атудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Париж Паралимпиадасының қатысушысы, VII Спартакиаданың жеңімпазы Севда Әлиева, елордалық спорт клубының жаттықтырушысы әрі спортшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, VII Спартакиада жеңімпазы Ләззат Жүсіпова, сондай-ақ ауыр атлетикадан үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Едіге Емберді бар.
«Мен үшін спорт – жеке шыңдарға жету жолы ғана емес, сонымен бірге туған Қазақстанды халықаралық аренада танытудың мүмкіндігі.
Осы мерекеде жас спортшыларға өз күшіне сенуді, табанды болуды және қиындықтарға ешқашан берілмеуді тілеймін. Спорт әрбір қазақстандық үшін күш-қуат пен шабыттың көзі болсын», – деді ауыр атлетикадан үш дүркін әлем чемпионы Едіге Емберді.
Елордадағы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит те қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
Ол Астанада бүгінде 10 спорт мектебі табысты жұмыс істеп жатқанын, онда 8 мыңнан астам жас спортшы үлкен жеңістерге алғашқы қадам жасап жүргенін атап өтті.
«Дәл осы жерде болашақ чемпиондар тәрбиеленуде, ал олардың арасынан Олимпиада және Паралимпиада жүлдегерлері, халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпаздары шықты. Соңғы жылдары елордада спорт инфрақұрылымы белсенді дамып келеді. Бүгінде қалада 800-ден астам спорт нысаны бар, олардың ішінде ірі мамандандырылған кешендер де бар. Спорт күні – өз еңбегімен, табандылығымен және талантымен отандық спорттың дамуына үлес қосып жүрген әрбір жанның мерекесі.
Біздің елордалық спортшыларымыз – рух күші мен нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі. Алда елордамызды да, бүкіл елімізді де қуантатын жаңа жеңістер күтіп тұр деп сенемін», – деді Василий Левит.
Әлем және Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ләззат Жүсіпова да құттықтау сөзін жеткізді:
«Мен үшін спорт – мінез бен достық мектебі. Ол тек жеңіске жетуді ғана емес, қиындықтарға мойымауды үйретеді. Спорт күні әрбір отбасыға денсаулық, белсенділік және бақыт тілеймін. Балаларымыз мықты да батыл болып өссін, олар ертең еліміздің намысын әлем аренасында қорғайтын болады», – деді ол.
Құттықтауларға шаңғы жарысы, көркем гимнастика, биатлон, академиялық есу, хоккей, футбол, каратэ және жеңіл атлетика өкілдері де қосылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1052255?lang=kk
Жауап қалдыру