БІЛІМГЕ ҚАНАТ БІТІРГЕН “БОЛАШАҚ”

Жарияланды:

Автор:

категорияда
БІЛІМГЕ ҚАНАТ БІТІРГЕН “БОЛАШАҚ”
📝Казталов мектеп-лицейінің базасында өткен «Болашақ» жазғы демалыс лагерінің жетінші ауысымы ерекше мәнге бастама ретінде есте қалды. «Білімділер» деп аталған бұл ауысым олимпиада резервінде тұрған білімге құштар, үздік оқушыларға арналды. Аталған кезеңде 36 оқушы қамтылып, 14 пән мұғалімі мен 3 үйірме жетекшісі (шахмат, қолөнер, мүсіндеу) балалардың жан-жақты дамуына үлес қосты.
📝Лагерьдің басты мақсаты – оқушылардың пәндік білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың тұлғалық және шығармашылық қабілеттерін арттыру. Әр күн мазмұнды, тәрбиелік мәні зор, қызықты әрі пайдалы іс-шаралармен өрбіді. Сапалы білім мен шаттыққа толы күндер балалар үшін ұмытылмас естелікке айналды.
📝Ауысымның жабылу салтанаты да ерекше форматта өтті. «Білім – адамның қанаты» деген ұстаныммен білім құндылығын ұлықтаған кеш жас ұрпақтың ізденіске деген ынтасын арттырып, жаңа белестерге жетелей түсті.
📝Салтанатты кештің шымылдығы Қараөзен мектеп-лицейінің педагог-психологы Айнур Мағзомқызының ұйымдастыруымен өткен мотивациялық тренингпен ашылды. Оқушылар өмірлік мақсаттарын саралап, болашақ мамандықтарына байланысты ой бөлісті.
📝Кештің қонағы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы Жангереевамен өткен еркін форматтағы сұхбат алаңы болды. Бұл кездесу оқушылар үшін зор мотивация көзіне айналды. Балалар көкейлеріндегі сан түрлі сұрақтарын қойып, шынайы жауаптар алды. Білім жолындағы бағыт-бағдарын айқындауға көмектескен бұл сұхбат жас буын мен білім иелері арасындағы алтын көпір іспетті.
📝Кеш барысында оқушылардың белсенділігімен өткен “Ұяшық таңдау” сұрақ-жауап ойыны, әсерлі сұхбаттар, күй мен терме, тренд билер барлығы да кештің мазмұнын арттыра түсті. Әсіресе Нұрлан Нұрлаттың «Ер Тұран» күйі мен Тұрарбек Сәнімнің орындауындағы «Оралым» термесі көрермен көңілін тебірентті.
📝Кеш соңында лагердің білім беру үдерісіне белсене араласқан ұстаздар қауымы марапатталды. Аудандық білім бөлімі басшысы Самал Қанапияқызы өз сөзінде ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтіп, әрқайсысына алғыс хаттар табыс етті. Бұл марапаттар мұғалімдердің лагерь барысында жасаған өлшеусіз еңбегіне берілген лайықты баға.
📝Шара соңында барлық қатысушылар лагерьдің ресми әні «Лагерь жырын» бірге орындап, естелік суретке түсіп, шаттықты сәтпен қоштасты.
📝«Болашақ» лагері бұл жай ғана демалыс емес, бұл білім мен достықтың, шабыт пен дамудың, арман мен мақсаттың мекені.
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilim-kaztalov/press/news/details/1047710?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді