
Елордада отандық спорттың аңыздарын, спорт ардагерлерін және сала мамандарының басын қосқан алғашқы республикалық ардагерлер форумы өтті. Іс-шара Спорт күніне орай ұйымдастырылып, Қазақстанда спортты дамытуға сүбелі үлес қосқан тұлғаларды ұлықтаудың маңызды алаңына айналды.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов форум қатысушыларын кәсіби мерекемен құттықтап, спорт саласын дамытудағы еңбегі үшін ведомстволық және республикалық «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі атынан марапат табыстады. Жиын барысында «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Құрметті спорт қызметкері», «Қазақстан Республикасының спорт ардагері» төсбелгілері және министрліктің алғыс хаттары табыс етілді.
Марапат алған спорт ардагерлерінің қатарында Олимпиада чемпионы Сергей Котенко, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асылбек Қилымов, самбодан Азия чемпионы Айсара Керімбекова және өз дәуірінің үздігіне айналған басқа да даңқты спортшылар бар.
Қазақстан спорт ардагерлері одағының төрағасы Елсияр Қанағатов министрлікке қолдау көрсеткені және форумды ұйымдастыруға белсене қатысқаны үшін алғыс білдірді. Ол бұл іс-шараның маңызы тек ардагерлердің еңбегін мойындаумен шектелмей, институционалдық өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Одақтың алдағы уақыттағы басты міндеттерін айқындап, ардагерлерді бірлескен бастамаларға белсене қатысуға шақырды.
Форум аясында спорт ардагерлері арасында асық ату, үстел теннисі, бильярд және шахматтан жарыстар өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/1052250?lang=kk
Жауап қалдыру