
Бүгінде тағам өнімдерін өндіруші немесе сатумен айналысатын әрбір кәсіпорын өз өнімінің қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл ретте басты құрал – HACCP жүйесі (Қауіп-қатерді талдау және сын көзбен бақылау нүктелері), ол тамақ өнеркәсібі мен қоғамдық тамақтандыру саласындағы барлық кәсіпорындар үшін міндетті болып табылады. Бұл – тұтынушы денсаулығына зиян келтіруі мүмкін қауіптердің алдын алуға бағытталған халықаралық деңгейде мойындалған жүйе.
HACCP жүйесінің мәні – өндірістік процесті кезең-кезеңмен бағалау: шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімді шығаруға дейін. Бұл жүйе өнімнің ластану қаупі жоғары болатын сын көзбен бақылау нүктелерін анықтауға және оларды бақылау үшін қатаң шаралар белгілеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қауіптер барынша азайып, өнім сапасы мүмкіндігінше жоғары деңгейге көтеріледі.
Әрбір кәсіпорын үшін бұл жүйе өнім түрі, өндіріс көлемі, цехтардың саны және басқа да ерекшеліктер ескеріле отырып жеке әзірленеді. Жүйе әрбір кезеңде мониторинг жүргізуді, санитариялық талаптарды сақтауды, құжат жүргізуді, персоналды оқытуды және HACCP талаптарына сәйкес бекітілген регламентті қамтиды.
Тағам өнімдерін өндірушілер үшін бұл жүйені енгізу – тек ұсыныс емес, заң талабы. Кеден одағының «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес, HACCP процедураларын міндетті түрде енгізіп, тұрақты түрде қолдап отыру қажет. Бұл талап ірі қайта өңдеу кәсіпорындарына да, балаларға, диеталық және спорттық тағамға, тағамдық қоспалар мен сусындарға маманданған ұйымдарға да қатысты.
Сондай-ақ бұл жүйе мейрамханалар, дәмханалар, асханалар, өндірісі бар бөлшек сауда орындары, білім беру ұйымдары, ас блогы бар уақытша тұру орындары және тамақтандырумен айналысатын басқа да мекемелер үшін де міндетті.
HACCP жүйесі бизнесті көптеген артықшылықтарға жеткізеді: ақаулы өнім санын азайтады, ірі сауда желілерімен және экспорт бағытында әріптестік орнатуға мүмкіндік береді, тендерлер мен мемлекеттік сатып алуларға қатысуға жол ашады.
Ең маңыздысы – HACCP жүйесін енгізген кәсіпорындарға қосымша өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлеу қажет емес. Бұл әкімшілік жүктемені жеңілдетіп, бақылаушы органдар тарапынан тексеруді жеңілдетеді.
HACCP – бұл жай ереже жиынтығы емес, бұл – тұтынушылардың денсаулығына, кәсіпорын беделіне және бизнестің тұрақты дамуына салынған инвестиция.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1047452?lang=kk
Жауап қалдыру