КЕЛЕС АУДАНЫНДА 8 ЖАСТАҒЫ БАЛА ТЕЛЕФОН ТЕХНИГІ БОЛЫП ЖҮР

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысы, Келес ауданының орталығы Абай ауылында ерекше бір бала өсіп келеді. Ол – небәрі 8 жастағы Айдын Бекжанұлы. Жасы кіші болса да, үлкендерге тән іс тындырып жүрген бұл баланың бір қызығы – ол ұялы телефондарды өз қолымен жөндей алады.
Айдын Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы. Биыл үшінші сыныпты аяқтап, төртінші сыныпқа қадам басты. Жазғы демалысын тек ойынмен өткізбей, әкесіне көмектесіп, нағыз еңбекке ерте араласқан. Оның әкесі – Бекжан Өтенов, 2021 жылдан бері Абай ауылында телефон жөндеу қызметімен айналысады. Қазір Айдын – осы шағын шеберхананың басты көмекшісі.
Айдын телефонды өз қолымен толықтай тарқатып, қайта жинай алады. Көптеген техникалық ақауларды өздігінен анықтап, жөндеуді үйреніп алған. Әкесінің айтуынша, баласының шеберлігіне кейде өзі де таң қалады екен. Тек электрмен байланысты қауіпті жұмысты ғана өзі жасайды, ал қалғанының бәрін Айдын емін-еркін атқара береді.
Айдын – отбасындағы бес баланың үшіншісі. Ол, кішкентайынан ізденуге, үйренуге құштар. Оның зеректігі мен техникаға деген қызығушылығы — туғаннан келе жатқан дарыны деуге болады. Ал ата-анасы болса, баланың бұл қабілетін байқағаннан бері оны қолдап, әрі қарай дамуына мүмкіндік беріп келеді.
Мүмкін, бұл бүгін жай ғана ауыл баласының қызығушылығы болып көрінуі мүмкін. Бірақ ертең осы бала еліміздегі мықты инженерлердің, технолгия мамандарының біріне айналуы әбден мүмкін. Бастысы — Айдын армандаудан қорықпайды және қолынан іс келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1047591?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді