ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ МАҚТААРАЛДА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТҚАН МЕКТЕПТЕРДІ ТЕКСЕРДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептерде арнайы тексерді.
Сапары барысында ауданның бірнеше елді мекені – Ақжол ауылы, Мырзакент және Атакент кенттерінде болып, №1 «Мырзакент», №5 «Мақтаарал» мектеп-гимназиялары мен №25 «Жаңа жол», №8 О.Бапышев атындағы жалпы орта мектептеріндегі күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарымен кеңінен танысты.
Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында басталып, жаңа оқу жылы қарсаңында аяқталып, нысандар пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар, кейбір нысандар 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.
Қазіргі таңда бірқатар нысандарда 40-50 жұмысшы еңбек етуде. Дегенмен, бекітілген жұмыс кестесіне сай мерзімінде үлгеру үшін жұмыс күшін арттырып, қызметкерлердің санын 70-80-ге дейін көбейту қажеттігі айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары мердігер мекемелер мен жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде қатаң ескертулер берді. Осыған байланысты мердігерлердің жауапкершілігін арттыру, олардың жұмысын жіті бақылауға алу тапсырылды.
Айта кетейік, жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық құрылыс алаңдарына тұрақты бақылау жүргізіліп отыр. Қадағалау мен сапаны арттыру жұмыстары алдағы уақытта да күшейтіледі.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1048869?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді