ТҮРКІСТАНДА «УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ» ТАҚЫРЫБЫНДА АУДАНАРАЛЫҚ СЛЕТ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
☑️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізу және кадрлық әлеуетті нығайту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ «Жұртқа жақын полиция» жобасы аясында учаскелік полиция инспекторларының қызметі мен рөліне және олардың құқықтық мәртебесін арттыруға назар аударды.
☑️Осыған байланысты Түркістан облысында алғаш рет Полиция департаменті мен облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен «Учаскелік полиция инспекторы – қауіпсіздік кепілі» тақырыбында ауданаралық слет өтті. Шараның мақсаты – учаскелік полиция инспекторларының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін нығайту, тәжірибе алмасу және құқықтық тәртіпті сақтау жөніндегі жұмысты жетілдіру.
☑️Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасов, Полиция департаментінің бастығы М.Қабденов, облыс прокуроры М.Тілеубердиев, ҰҚК департаментінің басшысы Б.Қалмұрзаев, ҚР ІІМ Академиясының аға оқытушысы А.Қойшкен, Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Г.Жанысбаева және кәсіби жаттықтырушы Г.Оспанова, сондай-ақ облыс әкімінің құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдары қатысты.
☑️Іс-шара барысында қатысушылар учаскелік полицейлердің қызметі, құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері және азаматтармен тиімді өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ үздік учаскелік полиция инспекторлары марапатталды және олардың кәсіби дағдыларын арттыру бойынша семинар өтті.
⤵️Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтіп, құқық қорғау органдарының жұмысына сенім білдірді.
📌– Құқық қорғау органдарының басты міндеті – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы ұлы міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Сіздер кез келген сәтте қырағылық пен табандылық танытып, халықтың сенімін ақтап жүргендеріңіз үлкен құрметке лайық. Мемлекет дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәптіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп айтқан болатын. Облыс аумағында азаматтар үшін қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Заң үстемділігін сақтай отырып, тәртіпті қамтамасыз етіп, өңіріміздің қауіпсіздігіне үлес қосатындарыңызға сенім білдіремін, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
⤵️Облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов полицейлердің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалып жатқанын айтып өтті.
📌– Азаматтардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау, қоршаған ортаны қорғау және «Алкогольсіз ауыл» жобасын насихаттау, нашақорлықтың, интернет-алаяқтықтың және мал ұрлығының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысу-учаскелік полицейлерге жүктелген негізгі міндеттер. Осы ретте, ҚР ІІМ-нің қолдауымен полицейлердің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалуда. Олар үнемі біліктіліктерін арттыру курстарынан өтіп, жұмыс үшін қажетті бейнежетондармен, планшеттермен және қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етілуде. Жаңа учаскелік пункттер мен модульдік бекеттер ашылуда, – деді Мұрат Қабденов.
☑️Бүгінгі таңда Түркістан облысында 800-ге жуық учаскелік полиция инспекторлары жұмыс істейді. Олар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүргізуде. Атқарылған жұмыс нәтижесінде бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар саны 3,9%-ға, мас күйінде жасалған қылмыстар 9,1%-ға, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 15,3%-ға, ал көшеде жасалған қылмыстар 16%-ға азайды.
☑️Іс-шара соңында слет ұйымдастырушылары түрлі құрылым өкілдерін бейбіт және қауіпсіз қоғам құру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1052209?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді