
Ақтөбе облысында биылғы жылдың егін орағы басталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі жалпы егіс алқабы 756 мың гектарды құрады. Оның ішінде 426,4 мың гектарға – дәнді дақылдар, 60,3 мың гектарға – майлы дақылдар, 262,8 мың гектарға – мал азығы, 3,2 мың гектарға – картоп, 2,9 мың гектарға – көкөніс егілген.
Шілденің үшінші онкүндігінен бастап күздік және жартылай жаздық дақылдарды ору жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 20 мың гектардан астам жерден 26 мың тоннадан астам астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 13,1 центнерді құрап отыр. Жаппай егін жинау жұмыстары тамыздың 20-сынан кейін басталып, қолайлы ауа райы жағдайында 20 күн ішінде аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, мал азығын дайындау жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қажетті 1,9 млн тонна шөптің 1,3 млн тоннасы дайындалды, бұл жоспардың 70%-ын құрайды. Бұдан бөлек, 5 мың тоннадан астам сүрлем әзірленді. Бұл мақсатқа шаруашылықтарға жеңілдетілген бағамен – литрі 253 теңгеден 1 000 тонна дизель отыны бөлінді. Жұмысқа шамамен 9 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров аудан әкімдеріне ресурстарды тиімді пайдалануды, уақытша жайылымдарды жедел бөлуді, сондай-ақ орман және мемлекеттік жерлерді пайдалануды ұйымдастыруды тапсырды.
— Шөптің бағасын бақылауға ерекше назар аудару қажет. Біз бағаның өсуіне және соған байланысты халық наразылығына жол бермеуіміз керек. Тек барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы ғана егін орағын сәтті аяқтап, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Асхат Шахаров шаруашылықтарды техникамен және жанар-жағармаймен қамтамасыз етуді, ал өндірушілермен бірлесіп егін жинау науқанының агротехнологиялық мерзімдерін қатаң сақтауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-digital/press/news/details/1052676?lang=kk
Жауап қалдыру