
Активтерді іздеу және қайтару бойынша жаңа құралды енгізу жөніндегі пилоттық жоба аясында Интерпол Қазақстан Республикасының алғашқы «Күміс хабарламасын» шығарды.
Бұл құжат активтерді қайтару жөніндегі Заң Субъектілерімен үлестес тұлғалардың активтері туралы ақпаратты алуға бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылы Қазақстан Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің (бұдан әрі — Комитет) атынан Интерполдың жоғарыда аталған пилоттық жобасын енгізу жөніндегі жұмыс тобының құрамына кірген болатын.
Жобаның қатысушылары қатарында Ұлыбритания, Испания, Италия, Катар, Қытай, Кувейт, Мальта, Нидерланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Польша, Португалия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Франция, Швеция және тағы басқалары секілді 50-ден астам ел бар.
Жалпы бұл құрал Интерполдың құрамына кіретін барлық 196 мемлекет арасында заңсыз иемденілген активтер туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.
Оның көмегімен заңсыз иемденілген активтер, оның ішінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ ақша қаражаттарын қадағалау, сәйкестендіру және олар туралы мәліметтер алуға болады.
Егер бұрын Интерпол негізінен іздеудегі адамдар туралы ақпаратты тіркеген болса, ендігі уақытта активтерге де назар аударылатын болады және тиісті негіздер болған жағдайда, олар әлем бойынша әр түрлі қудалау шараларына ұшырауы мүмкін.
Комитет ведомствоның сыртқы контурдағы мүмкіндіктерін кеңейту және активтерді қайтару тетіктерін жетілдіру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kva/press/news/details/1052428?lang=kk
Жауап қалдыру