
Екібастұз қаласында тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық іс-шара өткізді.
Колонна Екібастұз қаласының Полиция басқармасынан жолға шықты. Патрульдік көліктің артынан жол-көлік оқиғасына түскен зақымдалған мотоциклдер мен скутерлер артылған эвакуаторлар ілесіп жүрді. Бұл – жол ережелерін бұзудың салдары туралы еске салу болды. Колоннаның бағыты қаланың негізгі көшелері арқылы өтті. Қала тұрғындары бұл іс-шараны қызығушылықпен бақылап, ол жол қауіпсіздігі жайында нақты ескерту ретінде қабылданды. Іс-шараның мақсаты – жол тәртібіне жауапсыз қараудың салдарын көрсету, апаттардың алдын алу және адам өмірін сақтау.
– Алдарыңызда жол-көлік оқиғаларына түскен скутерлер мен мотоциклдер тұр. Олардың бүлінген күйі жол қозғалысы ережелерінің бұзылуының нақты көрінісі. ЖКО-ның басты себептері:
– жүргізуші куәлігі мен құжаттарсыз көлік жүргізу,
– жылдамдықты шамадан тыс асыру,
– жол қозғалысы ережелерін сақтамау.
Есіңізде болсын, скутер мен мотоцикл – бұл автомобиль сияқты толыққанды көлік құралы, сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау міндетті. Қорғаныс дулығасы өлімге әкелетін жарақат алу қаупін азайтады. Тіркелмеген көлік құралын және жүргізуші куәлігінсіз басқару – тек өз өміріңізге ғана емес, басқа жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіреді. Біз, Екібастұз қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері, әрбір азаматқа үндеу жасаймыз: жол ережелерін сақтаңыздар! Өмірлеріңізді және жақындарыңыздың денсаулығын қорғаңыздар! Біздің мақсатымыз – жазалау емес, жолдағы қауіпсіздік. Сақ болыңыз және абай болыңыз, – деді полицейлер іс-шара барысында дауыс зорайтқыш арқылы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1052817?lang=kk
Жауап қалдыру