
Өткен жылы бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына ақтөбеліктер белсенді қатысуда. Жыл басынан бері ұйымдастырылған түрлі тазалық шараларына 273 930 тұрғын мен 4992 мекеме және кәсіпорын қатысқан. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағамбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Шара аясында 79 215 аула тазаланып, 1 671 әлеуметтік нысан мен 342 саябақ және шағын бақтар ретке келтірілді. Сонымен қатар, 63 239 метр арық тазартылды. Басқарма басшысының айтуынша, акцияға қарапайым тұрғындармен қатар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар қызметкерлері мен кәсіпкерлер де белсенді атсалысуда.
-Мамыр айында экологиялық шараларға бизнес субъектілерінің қатысу деңгейі 16% болса, бүгінде бұл көрсеткіш 64%-ға жетіп отыр. Өңірдегі 4 300-ден астам кәсіпкерлік субъектісінің 2 799-ы экологиялық шараларға белсенді түрде қатысты. Республикалық акция аясында «Таза сенбілік», «Тазару күні», «Мөлдір бұлақ», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» сынды экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Халықаралық құстар күніне орай мектеп оқушылары саябақтар мен скверлерде 1 000-нан астам құс ұясын орнатты, – деді Исатай Еспағамбетов.
Сонымен қатар, биыл өңірде «Мектеп орман шаруашылығы» атты пилоттық жоба қолға алынған. Бұл жобаның мақсаты – өскелең ұрпақты тұқымнан бастап толыққанды ағаш өсіруге дейінгі дағдыларға баулу.
Басқарма басшысы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «TazaQazBot» чат-ботын таныстыру бағытында ақпараттық жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.
Чат-бот іске қосылған уақыттан бері тұрғындардан 350 өтінім келіп түскен. Олардың ішінде құрылыс қалдықтарын шығару, жолдарды жөндеу, жарықтандыру және көше абаттандыру мәселелеріне қатысты шағымдар бар. Қазіргі уақытта сол өтінімдердің 313-і орындалып, 11-і бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал 26 шағым расталмағандықтан қанағаттандырылмаған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-kishikum/press/news/details/1052413?lang=kk
Жауап қалдыру