«Заң және тәртіп»: Ақтөбе өңірінде қылмыс деңгейі төмендеп, интернет-алаяқтықпен күрес күшейді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

қтөбе облысында көше және қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі төмендеп, сондай-ақ мас күйінде жасалатын қылмыстар саны азайғаны байқалады. Сонымен бірге құқықбұзушылықтарды ашу дерегі де жақсарған. Оң көрсеткіш өңірде осы бағыт бойынша тиімді шаралар қабылданып жатқандығын білдіреді. Сондай-ақ, жасанды интеллектінің көмегімен қаладағы ахуалға тәулік бойы бейнебақылау жүргізетін Ақтөбедегі жедел басқару орталық үлгісін еліміздің барлық қаласы мен ауданында ашу қажеттігі туралы Президент атап өткен еді.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері қаралды. Комиссия жұмысына жергілікті атқарушы органдар, полиция департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, өзге де уәкілетті ведомстволардың өкілдері және аудан әкімдері қатысты.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов интернет-алаяқтықпен күрес шаралары туралы баяндады. Оның мәліметінше, жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 626 дерегі тіркелген. Мұндай қылмыстар санының өсуіне қарамастан, ашу деңгейі жоғары – шамамен 75%.

«Киберқылмыстардың басты қиындығы – олардың жасырын түрде жасалуы және тез таралуы. Дегенмен біз заманауи мониторинг және талдау жүйелерін белсенді қолданамыз, бұл қылмыстық әрекеттерді жедел анықтап, жолын кесуге мүмкіндік береді. Профилактиканың маңызды құралы ретінде WhatsApp-тағы «STOP-алаяқтық» арнамыз, бейнероликтер және еңбек ұжымдарымен, студенттермен кездесулер өткізу болып табылады. Біз азаматтардың хабардарлығын арттырып, алаяқтық схемалардан сақтандыруға күш саламыз», – деді Ардана Саймағамбетов.

Асхат Шахаров алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын күшейту үшін бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, барлық мемлекеттік орган жиналыстарында цифрлық сауаттылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында профилактикалық уақыт енгізу, тұрғындар көп жиналатын жерлерге, әлеуметтік мекемелерге ақпараттық стендтер орнату, ақпараттық науқандарға танымал тұлғаларды тарту және ірі онлайн-қарыздарға шектеу қою бар.

Отырыста сондай-ақ қоғамдық орындарда, оның ішінде көшеде тіркелген және мас күйінде жасалатын қылмыстардың жай-күйіне талдау жасалды. Есепті кезеңде облыста оң динамика байқалады: көше қылмысы – 11,6%-ға, қоғамдық орындардағы қылмыс – 7,4%-ға, мас күйіндегі қылмыс – 2,1%-ға азайған. Қылмыстарды ашу деңгейі 5,4%-ға өскен.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-bozoy/press/news/details/1052766?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді