«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ Б.НАЖМЕТДИНҰЛЫ «KAZMEDPROM» ЗАУЫТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Іссапар аясында «Оңтүстік» индустриялды аймағында орналасқан «KazMedProm» зауытының жұмысымен танысты.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық партия филиалы жанындағы Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық кеңес төрағасының орынбасары Гүлайым Шунғараева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментінің басшысы Алмагүл Кенжеханова, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері қатысты.

2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын медициналық қолғап өндіруге маманданған. Жобаның жалпы құны — 2,5 млрд теңге. Зауыт жылына 82,4 млн дана қолғап шығаруға қауқарлы. Өнімнің 90 пайызы ел аумағына таратылып, қалған 10 пайызы Ресейге экспортталады. Кәсіпорында бүгінде 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Зауыттың жұмысымен мұқият танысқан депутат мекемеге қатысты қоғамда тарап жүрген қауесетке де тоқталды.
– Бұл мекеменің дайын өнімді сырттан алып, оны қайта сатып отыр деген сөзді естідім. Сол үшін арнайы келіп, өз көзіммен көргім келді. Бүгін өндіріс барысына куә болып, бұл әңгімелердің жалған екенін анықтадық. Жұмыс тәулік бойы, 24 сағат қарқынды жүріп жатыр екен. Мұндай кәсіпорындарға қолдауды күшейту қажет, – деді Болат Нажметдинұлы.

Аталған мәселенің анығын білу үшін депутат ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Кенжеханова мен Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрмановтан түсініктеме сұрады.

– «KazMedProm» кәсіпорны барлық талаптарға сай жұмыс істеп келеді. Өндіріс толық циклмен жүреді, сапа стандарттары сақталған, – деді Алмагүл Кенжеханова.

Мәжіліс депутаты бұл сапардың басты мақсаты – ел ішінде туындаған күдікті сейілту және отандық өндірісті қолдаудың маңызын көрсету екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-kasipkerlik/press/news/details/1053473?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді