
Шымкент қаласында 2024 жылы іске қосылған, керамикалық жабындар мен плиткалар өндіретін «WanShengCeramic» ЖШС бүгінде 350 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс сапарымен қалада жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы осы кәсіпорынға арнайы барып, өндіріс барысымен танысты.
Зауыт жылына 10 млн шаршы метр керамикалық өнім шығаруға қауқарлы. Дайын өнімнің 70 пайызы еліміздің барлық өңірлеріне жеткізілсе, қалған 30 пайызы Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне экспортталады.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, мұндағы жұмысшылардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Депутат ұжыммен кездесуде жалақы мәселесіне де назар аударды.
– Жұмысшылардың еңбегі лайықты бағалануы керек. Мүмкіндігінше жалақы мөлшерін көтеру жолдарын қарастырған жөн, – деді Болатбек Нажметдинұлы.
Мекеме басшысы Лю Вэньцин өз кезегінде:
– Жалақы қызметкерлердің тәжірибесі мен біліктілігіне қарай белгіленеді. Дегенмен, сіздің ұсынысыңызды назарға алып, алдағы уақытта қарастырамыз, – деп жауап берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-kasipkerlik/press/news/details/1053483?lang=kk
Жауап қалдыру