
Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының маңызды саласының бірі болып табылады. Биыл еліміз маңызды ақпараттарды алуға мүмкіндік беретін ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындалуда.
Осы ретте, аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен аталған бағыттағы жұмыстардың ұйымдастырылуы мен өткізілу барысына қатысты жұмыс мәжілісі өтті. Жиынға Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Ермұханбет Құралбеков, салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, ауданның статистика басқармасының басшысы Ғалымжан Нұрбаев, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Әмірхановтар қатысты.
Мәжіліс барысында санақтың жүргізілу тәртібі, ақпарат жинау әдістері және деректердің дәлдігіне қойылатын талаптар кеңінен талқыланды. Арман Абдуллаев бұл бағыттағы іс-шаралар ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы маңыздылығын атап өтіп, нақты әрі уақтылы деректердің мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау мен іске асыруда шешуші рөл атқаратынын айтты. Жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мал санағын белгіленген мерзімде, сапалы өткізу қажеттігін ескертті. Оған қоса, жұмыс барысын күнделікті баяндауды тапсырды.
Айта кетсек, санақтың мақсаты – ауыл шаруашылығының қазіргі кездегі жағдайы туралы егжей-тегжейлі ақпараттарды алу, аграрлық сектордың дамуын болжау. Сонымен қатар, жинақталған деректер ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған зерттеулер мен біржолғы есепке алуды жүргізу үшін шаруашылық жүргізуші субьектілердің бас жиынтығын жаңғыртуға қажет.
Санақ өтетін мерзімдер:
– заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін онлайн режимінде 2025 жылдың 1 тамызынан бастап 31 тамыз аралығында;
-жеке қосалқы шаруашылықтар үшін планшеттерді пайдалана отырып 2025 жылдың 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында.
Ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің санаққа қатысуын сұраймыз, тұтас саланың болашағы сіздерге байланысты!
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1053253?lang=kk
Жауап қалдыру