
Аудан көлемінде бастау алған «Ауыл мәдениеті – ел айнасы» мәдениет және өнер байқауының кезекті кезеңі Сарымолдаев ауылдық округінде өтті. Мерекелік кеш ауылдағы №22 жалпы орта мектептің кең алаңында ұйымдастырылды.
Шараның шымылдығы ауыл тұрғындарының қазақтың ежелгі дәстүрімен келген қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алу рәсімімен түрілді. Құрметті меймандар қатарында белгілі ақын Шырын Мамасерікова, ауылдың абыз ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары, мәдениет саласының майталмандары болды. Ақын Шырын Мамасерікова сахна төріне шығып, ауыл жұртына жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, бірлік пен мәдениетіміздің ұрпаққа аманат екенін атап өтті.
Байқаудың көркін ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі аша түсті. Мұнда көздің жауын алатын, қолдан тігілген ою-өрнекті көрпелер, шеберлікпен тоқылған бұйымдар және ұлттық нақыштағы картиналар көпшіліктің назарына ұсынылды.
Концерттік бағдарлама ауыл өнерпаздарының ән-жырымен әрленді. Алдымен «Асыл әжелер» тобы Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шөпшекбай Диас «Қазақстан» әнін шырқап, патриоттық рух сыйласа, «Үкілі домбыра» үйірмесінің жас домбырашылары әуезді күйлерін төгілтті.
Сонымен қатар, Рая Құрамаева жүрек тебірентер «Ауылым» әнін керемет орындап шықты. Баян аспабын еркін меңгерген Оспанова шәкірттерімен бірге «Май түні» күйін, ал Тельтаева Алтынай «Туған жер» әнін орындап, кештің сәнін кіргізді.
Байқау соңында әділ қазы алқалары өнер көрсеткен қатысушыларды арнайы марапаттап, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Бұл сәт көрермендер мен өнерпаздар үшін ерекше қуанышқа толы болды.
Кеш соңында ауыл тұрғындары бір-біріне ақжарма тілектерін айтып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1053146?lang=kk
Жауап қалдыру