
Бүгінгі таңда компания «Майқайың-алтын» АҚ-ның 100% жарғылық капиталын сатып алу бойынша келісімді сәтті аяқтады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен «Алтыналмас» АҚ басқарма мүшесі, қаржы жөніндегі бас атқарушы директор Рүстем Қаракесов 4,6 млрд теңгеге әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойды.
– Бұл жай ғана заңды құжат емес – бұл апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу мен кентті жылумен жабдықтау жүйесін жаңартудан бастап жаңа әлеуметтік нысандар салуға және жолдарды жөндеуге дейінгі кенттің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған билік пен бизнестің күш-жігерін біріктіретін нақты іс-қимыл жоспары, – деді Асайын Байханов.
Жасалған меморандумға сәйкес кәсіпорын шахталарына жақын орналасқан «Шанхай» шағын ауданындағы 76 апатты тұрғын үйді көшіру жоспарлануда.
Сондай-ақ, алдағы үш жыл ішінде 2 қолданыстағы қазандықты қайта жаңарту және 1 жаңа қазандық орнату, орталықтандырылған жылу желілеріне қосылмаған шағын аудандарда кварталішілік жылу желілерін салу көзделген.
Бұл жұмыстар өңір басшысының тапсырмасы бойынша орындалған кенттің жылумен жабдықтау желілеріне жүргізілген технологиялық аудиттің қорытындысына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, жолдарды күрделі жөндеу және салу, бірқатар әлеуметтік нысандар – музыка мектебі мен заманауи спорт кешенін салу, сондай-ақ Майқайың көшелері мен аулаларын кешенді абаттандыру жоспарлануда.
Облыс әкімі соңғы үш жылда Майқайың кентін, сондай-ақ оған іргелес жатқан Сұлужон, Майкөбе, Шөптікөл, Үшқұлын ауылдарын дамытуға облыстық бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін атап өтті. Бұл қаражат 33 км кірме жол салуға, 17 км көшелердің асфальт жабынын жөндеуге, жылумен жабдықтау және су құбырлары желілерін жаңартуға, мектептер мен ауруханаларды күрделі жөндеуге, мектеп автобусын, санитарлық көлік сатып алуға және медициналық жабдықтарды жаңартуға, балалар ойын алаңдарын орнатуға және т. б. бағытталды.
Жаңа меморандум инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа нысандар салу және одан әрі абаттандыру үшін қосымша мүмкіндіктер беріп, кенттің даму қарқынын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1053116?lang=kk
Жауап қалдыру