МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДАҒЫ БІР КӨЗДЕН ЖАСАЛАТЫН САТЫП АЛУЛАРДЫ ҚЫСҚАРТУ ЖӘНЕ «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҚОРЫНДА ОСЫНДАЙ САТЫП АЛУЛАРДЫҢ ӨСУІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2021 жылдан бастап Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тарапынан мемлекеттік реттелетін сатып алуларда – мемлекеттік сатып алулар мен «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларында бір көзден сатып алуларды қысқарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Мемлекеттік сатып алулар саласында Үкіметпен бірлесіп, оң динамикаға қол жеткізілді: 2021–2024 жылдары бір көзден сатып алудың үлесі 39%-дан (2,4 трлн теңге) 23%-ға дейін (1,6 трлн теңге) қысқарды. Бұл мемлекеттік органдардың 800 млрд теңге сомасындағы сатып алуларын бәсекелес ортаға беруге мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алулардағы бәсекесіз сатып алулардың ең үлкен үлесі мынадай бағыттарға тиесілі: заңнамада белгіленген тұлғалардан сатып алу (21,6%), табиғи монополия субъектілерінен (19,3%), ведомстволық бағынысты ұйымдардан (15,9%), Үкімет Президенттің шешімімен (келісімімен) айқындаған тұлғалардан (7,4%).

Ведомстволық бағынысты ұйымдардан сатып алуларды қысқарту мақсатында 2022 жылдан бастап мұндай сатып алуларды жеке жеткізушілердің болмауына қатысты антимонополиялық органмен келісу рәсімі енгізілді. Екі жыл ішінде бұл рәсім ведомстволық бағынысты ұйымдармен бір көзден жасалған шарттар санын 43%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

Табиғи монополия субъектілерінен сатып алуларды қысқарту – табиғи монополия салаларына тікелей қатысы жоқ тұлғаларды тізімнен шығару және табиғи монополиялардың негізгі реттелетін қызметтеріне жатпайтын қызметтерді алып тастау арқылы қамтамасыз етілді.

Заңнамада айқындалған тұлғалардан сатып алуларды қысқарту үшін жекелеген кәсіпкерлік қызмет түрлерін жүзеге асыруға айрықша құқық берілген мемлекеттік операторлар санын азайту бойынша кешенді шаралар іске асырылуда.

Үкімет Президенттің шешімімен (келісімімен) айқындалған тұлғалардан бір көзден сатып алуларға келсек, олардың 90%-ы құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиесілі. Осыны ескере отырып, Агенттік Мемлекет басшысына ұсыныстар енгізу тәртібін регламенттеуді, соның ішінде осындай ұсыныстарға қатысты тауар нарығындағы бәсекелестік жағдайына алдын ала талдау жүргізуді ұсынды. Бұл ұсыныс қолдау тауып, жақын арада іске асырылатын болады.

2025 жылғы қаңтардан бастап бір көзден сатып алуларды келісу рәсімі интеллектуалдық меншік нысандарын сатып алуларға да таралды.

Сонымен қатар, «Самрук-Қазына» қорының бәсекесіз сатып алулар үлесі артты. 4 жыл ішінде бір көзден сатып алулар көлемі 14%-дан 60%-ға дейін өсті (2021 ж. – 14%, 2022 ж. – 24%, 2023 ж. – 57%, 2024 ж. – 60%).

Мұнда негізгі фактор – ішкі холдингтік кооперацияның кеңеюі, оның үлесіне барлық бәсекесіз сатып алулардың 57%-ы тиесілі.

Алайда, ішкі холдингтік кооперация қағидатын қолдану кейде таңдаулы сипатқа ие. Мәселен, Қордың еншілес компаниясы – «ҚазМұнайГаз» ҰК-дан дизель отынын алу мүмкіндігі бола тұра, оны «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық операторы жеке делдалдардан сатып алған.

Агенттіктің пікірінше, бәсекесіз сатып алулар көлемінің өсуіне Қордың бір мезетте сатып алу қағидаларын қалыптастыру, оларды өткізу және бақылау функцияларын атқаруы әсер етеді, бұл мүдделер қақтығысын тудырады.

Атап айтқанда, жеткізушілердің қолжетімділігін шектейтін және белгілі бір тұлғалардан тауар сатып алуға ықпал ететін артық талаптар енгізу тәжірибесі қалыптасқан. Мұндай шектеулер сатып алу бойынша категориялық стратегияларды бекіту арқылы жүзеге асырылуда.

2024 жылы антимонополиялық бақылау шаралары нәтижесінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ мен «Hill Corporation» ЖШС арасында құны 12 млрд теңгеден асатын мотор майын сатып алу бойынша бәсекелестікке қарсы келісім жасалғаны анықталды, оның ішінде артық біліктілік талаптарын енгізу арқылы. Бұл іс материалдары Бас прокуратураға жолданды.

Сатып алу қағидаларын келісу рәсімі аясында Агенттік Қордың ішкі холдингтік кооперацияны 127 млрд теңгеден астам сомаға кеңейту жөніндегі ұсыныстарын қабылдамады. Қорымен бірлесіп, сатып алу қағидаларына бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға, отандық өндірушіні қолдауға және сот шешімдері мен бақылаушы органдардың нұсқамаларын орындауға бағытталған 129 түзету бастамашылық етілді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар Агенттіктің «Самрук-Қазына» қорының сатып алу қағидаларын бекіту, камералдық бақылау жүргізу және мемлекеттік пен квазимемлекеттік сатып алуларды өткізу платформаларын біріктіру функцияларын уәкілетті мемлекеттік органға (Қаржы министрлігіне) беру жөніндегі ұсыныстарын пысықтауда.

Агенттіктің бәсекесіз сатып алулар көлемін азайту, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру және ішкі қосылған құн үлесін ұлғайту бойынша жұмысы жалғасатын болады.

 

Сурет ашық дереккөзден алынды. 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zk/press/news/details/1053123?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді