Осы демалыс күндері Баянауыл жерінде бірқатар мерейтойлық іс-шаралар өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мұнда Павлодар Ертіс өңірінің ұлы тұлғаларының мерейтойларына арналған ауқымды іс-шаралар өтті: композитор және әнші Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығы, жазушы-сатирик Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабаевтың және кинорежиссер, қазақ кинематографиясының негізін қалаушылардың бірі Қуат Әбусейітовтың 100 жылдығы.

Облыс әкімі Асайын Байханов жерлестерін құттықтай отырып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі» деген сөздерін еске салды.

– Біздің ата-бабаларымыз бізге ұлттық бірегейлігіміздің негізі болған ең үлкен мәдени байлықты мұраға қалдырды. Оны болашақ ұрпақ үшін сақтау біздің міндетіміз, – деді облыс әкімі.

Мерекелік бағдарлама ұлттық мәдениеттің барлық құндылығын біріктірді. Облыстың мұражайлары мен кітапханалары ұйымдастырған көшпелі көрмелер ерекше назар аударды.
Іс-шараға қатысушылар Қалмұқан Исабаевқа арналған экспозициядан оның жеке заттарын: әскери шапан, пилотка, қолжазбалар мен кітаптарын көре алды. «Сырлы жәдігер, шежірелі ғұмыр» көрмесі Қуат Әбусейітов пен Қадыр Тайшықовтың шығармашылық мұрасын көрсетті.
Павлодарлық суретшілер аспанмен астасқан Баянауыл тауларының әлеміне көшіп, табиғаттың сұлулығымен жасалған ғажайып пейзаждық жұмыстарын ұсынды.
Сондай-ақ, қонақтар үшін қазақ күресі, бәйге, көкпар, қолөнершілер көрмелері ұйымдастырылды.

«Қазақ айтысының үш дәуірі» тақырыбында өткен айтысқа белгілі ақындар: Серік Құсанбаев, Жұмкен Сейітов, Алтынгүл Қасымбекова, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина және Аспанбек Шұғатай қатысты.
Мерейтойлық іс-шаралар МузАрт тобы өнер көрсеткен, концертпен аяқталды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1053127?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді