
Қазақстан Республикасы Президенті 2025 жылғы 14 шілдеде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы Заң аясында медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган – Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық Комитетіне (бұдан әрі – Комитет) қадағалау функциясы берілді. Аталған Зан 2025 жылғы 13 қыркүйекте күшіне енеді.
Осыған байланысты, Министрлік барлық денсаулық сақтау субъектілерінде (объектілерде), бақылау және қадағалау объектілері болғандықтан, меншік нысанына қарамастан, міндетті түрде рұқсат беру құжаттарының (лицензия, лицензияға қосымша, маман сертификаты) болуын қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауды сұрайды.
Министрлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 13-бабының 4-тармағына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтау саласындағы жергілікті мемлекеттік басқару органдары өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін бақылауды және қадағалауды ұйымдастырады және жүзеге асырады, санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқат саласында қызмет ететін ұйымдарды қоспағанда екенін қосымша хабарлайды.
Сондай-ақ Кодекстің 8-тарауы 63-бабына сәйкес денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік және жеке секторлардан тұратынын Министрлік еске салады. Денсаулық сақтау субъектілері денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практика және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар болып табылады.
Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдар, мемлекеттік меншік құқығындағы денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ сот медицинасы саласындағы сараптамалар жүзеге асыратын әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер мен ұйымдардан тұрады.
Жеке денсаулық сақтау секторы жеке меншік құқығындағы денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практика және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалардан тұрады.
Жеке тұлғалар денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты, тиісті мамандық бойынша кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі және медициналық қызмет лицензиясы болған жағдайда жеке медициналық практикамен айналысуға құқылы, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін қосымша сақтандыру шарты болуы керек.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында, мектеп медициналық кабинеттері мен аудандық денсаулық сақтау объектілерінде (МП, ФАП, ВА және т.б., сондай-ақ жекелеген мамандандырылған объектілерде) лицензия алу процесін жеделдетуге ерекше назар қажет.
Сонымен қатар, Министрлік 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап шағым түскен жағдайда және лицензияның жоқтығы анықталған жағдайда, тексеру нәтижесі бойынша Комитет бақылау және қадағалау субъектісінің (объектінің) медициналық қызмет көрсетуін 90 күнге дейін тоқтататынын, ал сертификаттың жоқтығы жағдайында дәрігерді 30 күнге жұмыстан шеттететінін хабарлайды. Осы оперативтік шаралар халыққа медициналық көмек көрсетуді шектеуге және әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты, аймақтың барлық медициналық қызметкерлерінің құжаттарын тексеріп, олардың атқаратын медициналық қызметтеріне сәйкес сертификаттарының болуын қамтамасыз ету қажет, сондай-ақ сертификаттардың мерзімі 2025 жылдың қыркүйек, қазан айларында бітуіне ескеру қажет. Медициналық қызметкерді жұмыстан шеттету оның табысын төмендетуге, әлеуметтік шиеленіске және халыққа медициналық қызмет көрсетуге қол жеткізуді шектеуге әкелуі мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-almaty/press/news/details/1053251?lang=kk
Жауап қалдыру