
Байқаудың ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Бүгін Ақтөбе қаласында «QazaqGaz Aimaq» АҚ ұйымдастыруымен алғаш рет республикалық деңгейде «Үздік маман – 2025» кәсіби шеберлік байқауы басталды. Екі күнге жоспарланған ауқымды шараға Ұлттық компанияның өңірлік филиалдарының үздік деп танылған мамандары қатысып жатыр.
Салтанатты шарада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, газ саласының мамандарына алғысын білдірді, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
«Елдің дамуы, халықтың тұрмысы, ауылдың еңсесі – бәрі де қарапайым еңбек адамдарының маңдай терімен, күнделікті қажырлы еңбегімен тікелей байланысты екені баршамызға белгілі. Газ инфрақұрылымын дамыту – тек үйлерге жылу сыйлап қана қоймай, әр отбасының тұрмыс сапасын жақсартып, тұтас өңірдің өркендеуіне серпін беретін маңызды қадам. Биыл облыста 18 жоба іске асып, 25 ауыл газға қосылмақ. Бұл жұмыстарға QazaqGaz Aimaq компаниясы белсене араласты. Бүгінгі байқау Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізіліп отыр. Бұл бәсеке газ саласының үздік қызметкерлерін анықтап қана қоймай, олардың тәжірибесін бөлісуге, өзара ынтымақтастық пен кәсібилікті нығайтуға жол ашады», – деді өңір басшысы.
Шараға «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ өкілдері, сала ардагерлері мен қонақтар қатысып, қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Компания тарихында тұңғыш рет өткізілген кәсіби байқау жеңімпаздары 5 аталымда анықталады. Қатысушылар арнайы кәсіби сынақтардан өтеді, үздік нәтижелер көрсеткен мамандар түрлі номинациялар бойынша марапатталмақ. Жарыс 21 тамызға дейін жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1054123?lang=kk
Жауап қалдыру