
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан өрт депосы ашылғаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Астанада жаңадан өрт бөлімі ашылды. Ол 36 мың адам тұратын қарқынды дамып келе жатқан Үркер елді мекенінде орналасқан. Бүгінге дейін ең жақын өрт бөлімі елді мекеннен 15 шақырым қашықтықта болған.
Жаңа өрт бөлімі төтенше жағдай орындарына жылдам жетуге айтарлықтай мүмкіндік береді. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновпен бірге жаңа өрт депосының жабдықталуымен таныстық. Өрт бөлімі заманауи қажетті техникалармен қамтамасыз етілген: автоцистерналар, жедел әрекет ету көлігі және т.б. Мұнда жұмыс істеуге ыңғайлы болуы үшін толықтай жағдай жасалған.
Алдағы уақытта азаматтық қорғау жүйесін одан әрі күшейте береміз. Өткен жылы 2 өрт депосы ашылды, ал соңғы 2 жылда елордалық ТЖД автопаркі 40-тан астам техникамен толықты, олардың арасында заманауи ұшатын дрондар да бар. Қазіргі уақытта тағы үш өрт бөлімінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, басым бағыттарымыздың бірі – тұрғын үй мәселесін шешу. Өткен жылы азаматтық қорғау қызметкерлеріне 50 пәтер берілген болса, биыл – тағы 15 пәтер. Аталған жұмыстың барлығы алдағы уақытта жалғасын табады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1053663?lang=kk
Жауап қалдыру