
Бүгін қала әкімі Ернат Бәзіл Гаухар ана көшесін абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен, әкім Абай көшесімен қиылысатын Гаухар ана көшесіндегі жол белгілерін қайта қарап, қажетті өзгерістер енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, жол бойындағы жабайы сауданы жою және саудагерлерге қатысты заң аясында шара қолдану қажеттігін атап өтті.
Айта кету керек, биылғы жылдан бастап Гаухар ана көшесімен екі бағытта жүретін қоғамдық көлік жүргізу қарастырылуда. Бұл Қабанбай батыр көшесімен жүретін автобустардың жүктемесін азайтуға септігін тигізеді.
Бұдан бөлек, қала әкімі Гаухар ана көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді және базар маңынан жеңіл көліктерге арналған автотұрақтар санын көбейтуді тапсырды.
Еске сала кетсек, қазіргі уақытта қала әкімінің тапсырмасы негізінде жол жиегін және жаяу жүргіншілер жолын заңсыз иеленіп алған жабайы сауда орындарын тазарту жұмыстары жалғасуда.
– Ұзақ жылдар бойы қала орталығындағы жабайы сауда мәселесі өзекті болып келді. Енді бұл мәселені жүйелі түрде шешуге кірістік. Мысалы, Біржан сал көшесі – осының айғағы. Бұрын бұл көшеде де жол үстінде сауда қызатын. Қазіргі таңда аталған көше толық абаттандырылып, қала тұрғындары үшін жаңа демалыс орнына айналып отыр. Мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, қазіргі таңда Абай – Гаухар ана көшелерінің қиылысында заман талабына сай жаңа әмбебап базардың құрылысы жүргізілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1053724?lang=kk
Жауап қалдыру